Франция ЭКСПО-2017 көрмесіне ерекше көлік алып келмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Францияның ұлттық павильоны таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

null
Жергілікті тілшілер үшін өткізілген баспасөз мәслихатында Франция павильонының Бас комиссары Паскаль Лоро оның жалпы тұжырымдамасы жайында айтып берді.

Айта кету керек, Франция павильоны 1084 шаршы метрді құрайды және ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен павильондардың бірі.
null

Мұнда Францияның ірі компаниялары - Peugeot, Syctom, Total, Veolia, Vicat, Iter, ADEME, Saint-Gobain өздерінің болашақ энергия тақырыбындағы жетістіктерін паш етіп, жаңа өнімдерін көрсетпек.

«Біздің көрме павильонымыз екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта Францияда инновация мен болашақ технологиялары саласында озық саналатын компаниялар орналасса, екінші қабат симпозиумдарға, дебаттарға, сурет көрмелеріне арналады. Ол бір сәтте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. «Peugeot» компаниясы 1995 жылы әлемде ең алғашқылардың бірі болып, өзінің электр көлігін таныстырған еді. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде біз жаңа буын көлігін таныстыратын боламыз. Бұл әсіресе, бүлдіршіндер үшін және авто әлемін жақсы көретіндер үшін қызық болатыны сөзсіз», - деді П. Лоро.

Павильонның өзі «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Экологиялық көлік» деген тақырыптарға бөлінген. Осы тақырыптардың біріне сай жасалған француз павильонының 1-қабатындағы 7 бөлік келушілерге «жасыл энергетика» саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Бөліктер галерея арқылы қосылған, мұнда әлем өркениетінің дамуына үлестерін қосқан Францияның көрнекті қайраткерлері мен ғалымдары таныстырылады.
null

Лороның айтуынша, көрме қонақтары павильон аумағында француз өнер қайраткерлерінің шығармаларын - мүсінші Милен Гермонның туындысы «Минис Аква» композициясын, суретші-иллюстратор Ян Далонның қолынан шыққан және Францияның символына айналған Марианна бейнесін және Францияның ең әдемі жерлерінің фотосуреттерін көре алады.
null

Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмыс істеп тұрған уақытта Франция екі ұлттық мерекесін - 21 маусымда Франция күнін және 14 шілдеде Бастилияны алу күнін атап өтеді. Осыған орай, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Франция 21 маусымда 30 жылдан астам уақыт елде тойланып келе жатқан музыка фестивалі - Музыка мерекесі аясында ұйымдастырылған мерекелер сериясында өзін барлық қырынан көрсетеді. Мереке қонақтары дәстүрлі цирк нөмірлері мен кабарэні көріп, Францияның оңтүстік-батысының және Бретань музыкасын тыңдайды. Музыка мерекесі шеңберінде Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттері де француз тілінде ән салады.
null

Павильонның конференц-залында үш ай бойы көптеген семинарлар, шеберлік-сыныптары мен ғылыми конференциялар өтеді. Оларға қатысқан қонақтар болашақ энергиясы саласындағы француз инновациялық технологиялары туралы, сондай-ақ білім, мәдениет және франкофония салаларындағы Франция мен Қазақстанның ынтымақтастығы туралы көптеген қызықты мәлеметтерді ала алады.
null

Еске салсақ, ЭКСПО-2017 көрмесі Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтпек. ЭКСПО көрмесінің аумағы 25 гектарды алып жатыр. Көрмеге әлемнің 100-ден астам мемлекеті және халықаралық ұйымдар қатысады.

Соңғы жаңалықтар