Флоридадағы төтенше жағдай аумағында 100-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ирма» дауылының құрсауына түскен Американың Флорида штатында бірнеше жүздеген Қазақстан азаматтары болуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Флорида штатында бірнеше жүздеген отандастарымыз болуы мүмкін. Бірақ, олардың басым бөлігі апат аймағынан кетіп үлгерді. Сонда қалғандар, штаттан шыға алмағандар немесе қалуға шешім қабылдағандар арнайы үй-жайларға орналастырылады. Олардың көбімен біздің елшілік арасында байланыс орнатылған», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов телефон арқылы.

Ол сондай-ақ Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің «қауырт желісіне» ҚР азаматтарынан бірнеше рет қоңырау шалынғанын айтты.

«Олардың арасында зардап шеккендерге көмек көрсетуге ниеттілері де болды. Алайда, әзірге дауыл салдарынан зардап шеккен ешкім жоқ. «Қауырт желі» іске қосылған, біздің дипломаттар штатта тұратын диаспора өкілдерімен үнемі байланыста. Көбі табиғи апат орнаған аймақтан - басқа штаттардағы достарына, туыстары және жақындарына кетіп үлгерді», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы.

Айта кетейік, АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтарына қажетті кеңестік ақпараттар мен Флорида штатының жедел қызметтерінің байланыстарын алуға мүмкіндік беретін «қауырт желіні» іске қосты. Бұдан өзге, қазақстандықтарды байланыстыратын тиісті әлеуметтік желі топтарында америкалық жедел көмек қызметтерінің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттар таратылды. АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі жағдайды бақылауды жалғастырып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар