Флешмоб. Тойға жараса ма? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлерге, аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарына шолу жалғасады. Айта кетерлігі, «ҚазАқпарат» ХАА аудандық, қалалық, деңгейдегі БАҚ көтерген өзекті мәселелерге назар аударуға ниетті. Осыған байланысты шалғай аудандардағы журналистер, өңірлердегі тілшілер, жалпы қалам сілтеп, жазуды жанына серік еткен әріптестер болса «ҚазАқпарат» агенттігіне хабарласуына әбден болады. Әзірше өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына шолуды алға тартамыз.

Темір-терсектен құрама техниканың түр-түрін құрастырған - Менің өлкем газеті

Күршім ауданының Алғабас ауылына темір-терсектен құрама техниканың түр-түрін құрастырған, таңдай қақтыратын техника маманы тұрады екен. «Менің өлкем» газеті техниканың тілін терең меңгерген шеберді жақыннан таныстыру мақсатында талайдың таңдайын қақтырған Болатбек Көкеновке арнай барған екен. Шебердің «жеке мұражайынан» бірқатар фотолар да беріпті.

1

«Әңгімесімен бірге әзілі де алшысынан түсетін Болатбек ата шабыты келсе темірді бір-біріне жалғап жіберіп, бүп-бүтін көлікке айналдырып жібереді екен. Бала кезден техникаға құмар болыпты. 15 жастан асқанда-ақ ауыр жүкті техникалардың моторын шашып, қайта құрауды қызық көрген екен. Бозбала шағында-ақ моторлы қайрақ ойлап шығарған. Ал мектеп бітіргенде ағаш қайыққа мотор жалғап, қоштасу кешінде сыныптастарымен бірге Ертісте сайран құрыпты», - деп жазады мақала авторы.

2 

Болатбек қарттың қора жайына кіре берісте бұрын еш жерден кездестірмеген шаруа техникасы тұр. Үлкендігі өзіміз «чипу» атап кеткен қытайдың қызыл тракторына ұқсас техниканың артықшылығын анық байқауға болады. Көліктің сол жақ тұсында шөп шапқышы жалғанған. Тапқыр бұл көлігіне «шырылдақ» деп ат қойып алыпты.

3 

- Шырылдағымның моторы - «Урал» мотоцикліне тиесілі, ал рөлі «Запорожец» автокөлігінен. ГАЗ-52-нің коробкасы орнатылған. Дөңгелектерінің алды УАЗ, арты ГАЗ-52-нікі. Бензинмен жүреді. От алғанда дауысы ұшақтыкінен зор, - деп күледі өнертапқыш.

4  

Бұдан кейін қарттың «Жаймашуақ» деп атаған техникасымен таныстық. Құрама техниканың моторы Жигули автокөлілігіне тиесілі болса, алдыңғы дөңгелектері «Нива», артқысы ГАЗ-66-на тиесілі. Т-25 тракторының турбинасы тағы бар. Өнертапқыштың айтуынша, құрама техникаларды қол жеткен көліктердің саймандары арқылы ғана жасаған.

null 

- Ал мынау ГАЗ-52 көлігінің артына стогомёт жалғадым. Құрама техникаларымның қай-қайсысына болмасын, жасап шығуға 2-3 ай кетеді. Бір кездері трициклдарым болатын. Жас кезімізде жүйткіп трициклдарымызбен балыққа баратынбыз, - дейді Болатбек ата Көкенов.

Алғыр ағамыздың тағы бір тапқырлығын атап өтпеске болмас. ГАЗ-52 жүк көлігінің кузовын көтерілетіндей жасап алған қарттың өнертапқыштығына қалай тамсанбайсың?!

- Жас кезімде аэросани жасамақ болдым. Оны «Әуе винті» деп атайды. Винттің өзін қайыңнан шаптым да, қозғалтқыш жалғап көрдім. Әттегенайы қозғалтқышым әлсіз болып қалды да, аэросаниым әуеге көтеріле алмай қалды. Елдің бәрі „Тікұшақ жасамайсың ба?„ деп айтып қояды. Шіркін, бір қуатты қозғалтқыш болғанда тікұшақтың мықтысын жасар едім, - деп күледі Болатбек ата.


Тойға жараса ма? - Сыр бойы

Қандай да бір оқиғаға байланысты жастар арасында дәстүрге айналып бара жатқан үдерістің бірі - флешмоб. Бұның қазақ тойларына да ене бастағанын байқауға болады. Қызылорда облыстық Сыр бойы газетінде жарық көрген мақалада «Флешмоб деген не?» деген мәселеге мән берілген екен. Мақала авторы алдымен осы мәселені қаузай отырып, әлгіндей әрекеттерді тойға таңу оғаштау емес пе дегенді оқырманның еншісіне тастайды.

«Флешмоб - ағылшын сөзі, қазақша баламасы - «лезде жиналғандар». Көпшіліктің қандайда бір оқиғаға, саяси шешімдерге қоғамдық пікір білдіруінің  қарапайым әрі жедел түрі. Бүгінде оны билеу арқылы немесе ән айту түрінде жеткізеді» деп жазады автор. Пайымынша, түп-төркіне қоғамдық пікірді білдіруге негізделген флешмоб қазақ жастарын да еліктіріп отыр. Айтпақшы, қайбір жылы экс-депутат Бақыт Сыздықованың қарағандылық екі студенттің оқудан шығарылғанына наразылығын қоғамдық орынның бірінде жастармен бірге харлем-шейк билеп білдіргені еске салады.

«Оны қойшы, қазір бұл дүние  жастардың ортасын қойып, қазақ тойына ептеп енуде. Алайда, той бала-шаға мен мен қыз-бозбаланың ғана ортасы емес. Оған жас та, жасамыс та қатысады. Сондықтан  болар «тойда асыр салып билеген келіннен қандай ізет, қандай ибалылық күтуге болады?» деген пікір кездесіп жатады. Расымен, кейде бұл нәрсе көзге қораш, болмысқа жат дүниедей көрінеді. Флешмобтың да мәнін мысалға текке келтірген жоқпыз, жоғарыда «көпшіліктің қандайда бір оқиға, саяси шешімдерге қоғамдық пікір білдіруінің жедел әдісі» деген болатынбыз. Сонда дейміз-ау, жас жұбайлар өз тойында қоғамдық пікірін кімге білдіргісі келеді? Жас келін ата-енесіне ме? Күйеу жігіт қайын-жұртына ма? Әйтеуір, мұны заман өзгердіге, сәнге айналған дүниеге балағанмен мардымды жауап таба алмадық», - деп жазады автор.

 

Техникамен жылқы бағу тектілік емес - Дидар газеті

null 

Шығыс Қазақстан облыстық Дидар газетінде автор Қадырбек Кәкімұлының Қамбар ата түлегіне қатысты жазған мақаласы жарияланған. Автор алдымен Тарбағатай өңіріндегі жайылымда жылқы басының азайып бара жатқанына алаңдайды. Мемлекет қаржыландыратын «Құлан» бағдарламасы да бұған серпін бере алмаған. Соның салдарынан асыл тұқымды қылқұйрық жоқтың қасы десе де болады. «Оқта-текте қалтасы қалың ағайындардың сәнге ұстайтын ағылшын мен орыстың желісті жүйріктерін ұшыратарыңыз рас. Алайда, атам қазақтан қалған «Сарыарқа» жылқысын көп кезіктіре алмайсыз», - дейді автор. Осы ретте Қадырбек Кәкімұлы бұған не себеп дегенге де ізденеді. Пайымынша, бұған адам факторы да қолбайлау болып отыр. Расында, қазір бұрынғыдай қоста қона жатып, жылқы бағатын адам аз. Баяғының жылқышылары жоқ. Қолына 100-150 мың теңге жалақы ұстатсаңыз да қылқұйрықтың соңында жүруге ешкім ыңғай танытпайтын көрінеді.

«Қайсыбір шаруашылық иелері қасиетті жануарды автокөлікпен жаюды сәнге айналдырған. Көл жағасында жылқыны мотоциклмен тырқыратып қуып жүрген талай фермерді өз көзіммен көрдім. Қазақ жылқыны қуалай жайғанды жаман ырымға жорушы еді ғой. «Жау шапқандай айдап, не көрінді?»- дейтін баяғының қарттары», - деп жазады ол.

Бұнымен қоса, мақалада жылқы жайылымының тарылып бара жатқанынан бастап, түлікке, оның шипалы өніміне деген көзқарас та, оны өндіру жолдары да өзгергенін алға тартады. Қымызды дайындау дәстүрінің де ұмыт бола бастағанына назар бұрады.

«Баяғыда құлдыраңдаған құлындар желінің басында ойнақ салып жүруші еді. Қазір тас қораның ішінен шығарылмайды. Енесі күні бойы ішегі бұратылып аш тұрады. Бүйтіп отырып бал татыған қымыз ішеріміз де, бұлаң қаққан жүйрік мінеріміз де екіталай. Қазағымызға ғасырлар бойы серік, өміріне көрік, әрі сусын, әрі ас, әрі көлік болған қылқұйрықтың қадіріне қашан жетер екенбіз?», - деп түйіндейді автор.


Атырауда «крышасы» бар браконьер көп - Не хабар газеті

«Не хабар» газетінің жазуынша, Атырау облысындағы Исатай ауданында өткен конференцияда Аққыстау ауылының тұрғыны Сағынғали ақсақал облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа үлкен өтініш айтыпты. «Мен өзім браконьер дегендерге қарсымын. Қазір үш браконьердің екеуінің міндетті түрде «крышасы» болады. Олар ұсталса да, әлгі «крышалары» оларды қоя береді. Үш мәшине өтеді, екеуін ұстайды, біреуін тағы қоя береді. Мұның бәрі біздің көз алдымызда болып жатқан жағдай. Ал, осындай әділетсіздікті көрген халық ушығады ғой!» - деген тұрғын. Аймақ басшысы браконьерлермен күрестің әлі де күшейе түсетінін айтыпты.

Атырауда «крышасы» бар браконьер

Газеттің жазуынша, «крышасы» бар браконьерлер туралы пікірге қатысты Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі дереу мәлімдеме жасаған. Баспасөз қызметінің хабарлағанындай, заңсыз балық аулау мен су маржанын көбейту жолындағы күрес бәсеңсімейді. «Екі ай ішінде елдің батысындағы үш облыста заңсыз ауланған 60 тоннадан астам балық пен 3 мыңға жуық балық аулау құралдары тәркіленді. «Бекіре-2017» акциясының аясында барлығы 711 заңсыздық тіркеліп, оның жүзге жуығына қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

 

Отау құрғанына 4 ай болған жас жұбайлар өздеріне қол жұмсады - Қостанай таңы

Оқиға Арқалық қаласында болған екен. Жас жұбайлар - Торғай гуманитарлық колледжінің студенттері өз-өздеріне қол жұмсаған. «Мұстафа мен Индира төрт ай бұрын үйленген екен. Екеуі Мұстафаның үйінде өмір сүрген, олармен бірге азаматтың анасы тұрыпты. Жұбайлар «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша үшінші курста оқып жүрген. Екеуі де колледждің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып келген. Индира - волейболшы, Мұстафа - футболшы. Еншілерінде талай жеңіс, мақтау қағаздары болыпты. Яғни, өлімге итермелер еш себеп сезілмеген», - деп жазады Қостанай таңы газеті. Колледж оқытушылары да, студенттер де бұл өлімге еш сенгісі жоқ. Өйткені екеуі де ашық сабаққа белсенді қатысқан. Полицейлер суицид мәселесіне қатысты тергеу жүргізуде.

 

 

Соңғы жаңалықтар