Фируза Шәріпова өзінің промоутерлік компаниясын ашты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның кәсіби бокстан қыздар арасында шыққан тұңғыш чемпионы Фируза Шәріпова өзінің промоутерлік компаниясын ашты. Бұл туралы спортшының баспасөз қызметінен хабарланды.

«FSK Promotion» аталатын компания ендігіде жас боксшыларды Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де танымал етуге күш салатын болады. Тіпті іске жаңа кіріскен компания 26 тамыз күні «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өздерінің алғашқы бокс кешін өткізгелі отыр.

Бұл жаңалыққа қатысты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко да өз пікірін білдірген болатын.

«Әрине, әрбір промоутерлік компания ашылған сәттен бастап матч өткізіп, өзін танытқысы келеді. Болат Мұқановтың  «BM Global» компаниясы да, басқа «Alban Boxing Promotion», «Tiger Promotions», «Diamond Ring» - бәрі де өз шоуларын өткізді. Фируза Шәріпова да өзінің алғашқы матчын тиісті дәрежеде өткізіп, оны Қазақстандағы ауқымды іс-шара аясында жасағалы жатқанына қуанамын. Ол бәрін дұрыс істеп жатыр деп ойлаймын, бәрі орнымен өтетініне сенемін. Матч ұйымдастыруға бел буып, қажетті боксшыларын тапқан промоутерлерде бәрі ойдағыдай болуы шарт. Ең бастысы да сол», - деді Демьяненко.

Оның айтуына қарағанда, Фирузаның өзі кәсіби боксшы болғандықтан, бұл саланың әрбір қиыншылықтары оған әбден таныс.

«Дегенмен бокста тұйықталып қалмауы керек. Бизнес те, шоу да, спорт та үшеуі үш түрлі болғанымен, бәрі бір ғана промоутерлік компанияның аясында тоғысуы керек.  Тек өткен жылдың ішінде Қазақстанда жеті промоутерлік компания тіркелді, бүгінгі күні ашылып жатқандары тағы бар. Бұл кәсіби бокстың дамуындағы оң динамиканы білдіреді. Фирузаның қолға алған барлық істеріне табыс тілеймін», - деді Виктор Демьяненко.

Айта кетейік, бұған дейін Фируза Шәріпова спортшыларға көмек көрсетуге арналған заңгерлік компаниясын да ашқан болатын. Ал 26 тамызда ұйымдастыратын бокс кешіндегі басты жекпе-жекте  Фируза  WIBA және WBU нұсқалары бойынша бірден екі титулын қорғап, Болгария боксшысы Милена Колевамен қолғап түйістіреді. 

Соңғы жаңалықтар