Фируза Шәріпова IBF титулы үшін Монакода жекпе-жекке шығады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәсіби бокстан қос бірдей салмақ дәрежесінде чемпиондық атағы бар Фируза Шәріпова 24 қазанда Монакода былғары қолғап түйістіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортшының менеджері Сергей Завилейский хабарлағандай, осы бағытта Монако бокс федерациясының президенті Лоран Пуонспен келісім жасалған.

Енді күзгі Sportel көрмесі барысында Монакода бокс шоуы өтеді. Бағдарламаның басты кейіпкері Фируза Шәріпова болмақ.

«Фируза әлемдік рейтингтегі №2 спортшы Франциялық Майва Хамадушпен шығуы ықтимал. Ол ІBF версиясы бойынша әлем чемпионы. Ал Фируза  IBO Championship және WBC Silver чемпионы.

Sportel көрмесін жариялауға әлемнен 3 мыңға жуық телеарна өкілі келеді. Сондықтан, бұл Фируза үшін таптырмас мүмкіндік», - деді менеджер.

Бокс кешінің алдындағы салмақ өлшеу рәсімі Grimaldi Forumда өтеді.

«Сонымен қатар, Монакода қазақ күресінен белдесулер ұйымдастыратын боламыз. Фируза қазақ күресінен елші ретінде барады», - деді Сергей Завилейский.

Айта кету керек, әлемдегі ең беделді спорт арналарының SportelAsia көрмесі қазір Сингапурде өтіп жатыр. Онда Қазақстанды Фируза Шәріпованың FSK Promotion промоутерлік компаниясы мен Qazaq kuresi компаниясы таныстырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар