Филолог көп, нағыз әдебиетші аз, соның бірі Серікқали Шарабасов еді - Мұрат Сабыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде батысқазақстандық белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасовтың 70 жылдығы аталып өтілді. Осыған орай С.Шарабасовтың әдебиеттегі орны туралы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр ҚазАқпарат тілшісіне былайша әңгімелеп берді.

-«Халық көп, адам аз» деп ежелгі ғұламалар айтпақшы, Серікқали Ғабдешұлы сол аз адамның қатарындағы кісілікті кісі еді, - деді Мұрат Бөкенбайұлы. Мейірімі кең дархан даладай, бәрімізге қамқоршы панадай, кей сәтте көл дария данадай, кей сәтте шапқылаған баладай біздің Сәкең, кәдімгі Серікқали Шарабасов жетпіске келіп, піскен шағында ортамызда отырса, тамаша болар еді, бірақ... Бірақ өкінуге де болмас. Өмір осы, тізгін Алланың қолында. Сәкең бар саналы ғұмырымен ел есінде, шәкірттер санасында қалды. Жазғаны кітап болып екінші ғұмыры басталды. Бүгінгі нарықтық заманда бәрі ақшаға сатылатын тұста ешқашан сатылмайтын шәкірттің махаббатына, елдің ықласына бөленген ол нағыз періште адамтұғын.

Осы күні сабақ беруші көп - ұстаз аз. Ол академик З.Қабдолов дәстүрімен ұстаздықты биік ұстады. Ұлағатты ұстаздың дәрістері, үлгі-өнегесі көкірегінде сәулесі бар, сөз өнерін сүйетін талай шәкірттің арманына қанат бітіріп, ұядан ұшырды. Шын мәніндегі педагогтың ерекшелігі өзінің барлық білімін, ғылыми-зерттеу тәжірибесін түгелімен шәкірттеріне беру, өз шәкірттеріне өз баласындай қарап, олардың жетістіктеріне сүйеніп, кемістік жақтарына күйіну десек, С.Ғабдешұлының педагогтық ғұмыры осы талапқа сай. Яғни ол жақсы оқытушы болу үшін оқытатыныңды да, оқушыларыңды да сүю керек екенін жадында ұстаған адам.

Бүгінде жасы үлкен көп - асыл аға аз.Сәкең інілер үшін ақжарма көңіл, дархан аға, дін көбейген дүдәмал шақта бет түзейтін қағбамыздай асқар тұлға еді. Ол саналы ғұмырында дүние жимады, дос жиды, ініге аға болып, шәкірт тәрбиеледі. Ә.Кекілбаевтың «ағада ілтипат болмаса, ініде ізет қайдан болсын» деген қанатты сөзі дала даналығының нәтижесі екендігі осындайдан білінеді. Сәкеңді аға, арқа сүйер пана ретінде көріп, біз Шарабасовтың шекпенінен шықтық деп мақтанатын інілер мен сан мыңдаған шәкірттер нағыз рухани байлық емес пе!

Осы күні мінберден түспейтін сөйлегіш көп - шешен аз.Серікқали аға шын мәнінде шешен адам, қанаттанып, шабытпен сөйлейтін. Кез келген мәселені терең білімі мен ұшқыр ойын ұштастырып, әдемі сөзбен көркемдеп айтып беретін. Бұл жәй сөзуарлық емес, таза ғалымдық шешендік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдық шешендікті «білмір шешен» деп атаған, Білмір шешенге мынадай сипаттама берген: «Осы айтылған мақсаттарға қарай шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады». Біздің Сәкең білмір де, білгір де шешен, байырғы дала өркениетінің сөз зергерлерінің заңды жалғасы еді.

Бүгінде дипломды филолог көп - нағыз әдебиетші аз. Сәкеңнің тұлабойы тұнып тұрған әдебиет, сөз өнеріне ғашық, мамандығына адал адам болды. Ұлт рухының көрсеткіші, ардың ісі әдебиетті қызғыштай қорыды. Әдебиетпен жас өркендерді тәрбиеледі. Әдебиетші ғалым ретінде ғылымдағы жолы бір төбе. Оның қаламынан туған әдеби-сын мақалалар, көсем сөздер, көркем проза үлгілері - өзіндік сыр-сипаты бар дүниелер. Әрқашанда ешкімге ұқсамайтын өрнектерімен, айшықтарымен, сиқырлы ойнаған сөздерімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыда Сәкең санадағы көркем ойды сырлы сөзбен дөп басып, әсерлі беруді мақсат етеді. Сөз-көлікті баппен бәйгеге қосатын шебер сөзсейіс. Өйткені ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың «Сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Сөз өз мағынасын дәл баспай тайғанақтап тұрса, ол өзін де, сөйлемді де оңдырмайды. Сөйлемнің де, сөздің де әуені, үні бар» деген қағидасын Сәкең пір тұтқан жан. Сондықтан қаламгер жазып отырған мәселенің түп-тамырын ашып көрсету үшін әр сөздің астарына, реңіне, мән-мағынасына үлкен мән береді.

Сәкең өзіндік дара стильмен Шарабасовша сөйлеп, Шарабасовша жазды.

С.Шарабасов тіліндегі айқын сезілетін бір ерекшелік - оның тыңнан терең мағыналы, бейнелі сөздерді қиыстырып, шебер пайдалануы. Мысалы, әдебиет майданында болып жатқан өзгерістерді былай түсіндіреді: қоғамымыздың бейбіт күнде оқыс сілкінуі - роман, повесть, драма секілді сейсмологиялық табаны берік жанрларды да шытынатты да, шағын лирика, шағын әңгіме жанрларының зәре құтын қашырды. Осындағы «сейсмологиялық табаны берік жанрлар», «әңгіме жанрының зәре құты» сияқты тіркестер айтар ойды ерекше айқындап, көз алдыңызға жанды сурет елестетеді. Немесе «байырғы орыс әдебиеті, ұлы орыс әдебиеті» деген таптаурын болған тіркестердің орнына «Кексе әдебиет-орыстарда эссе өкілдері саусақпен санап аларлықтай» деп кексе сөзін орнымен дәл қолданған. Оралхан Бөкеев шығармашылығын талдай келе, «Оралхан эссесі кермек дәмді текірек публицистикадан гөрі, сылдыраған келісімді лирикалық прозаға қарай ойысады» дейді. Осы сөйлемдегі кермек дәмді текірек публицистика бұрын-соңды айтылмаған мәні зор тіркес. Бұл тіпті осы күнгі жазғыштарға айтылған қатаң сын. «Берен тіл», «өмір штрихы» тек Сәкеңе тән тіркестер. Жай тіркес емес, сырты мен іші үндескен, сәулелі сурет салып тұрған ойлы тіркестер. Ғ.Мүсіреповтың «Сөз жоқ, соның іздері» атты әңгімесін талдай келе, қырбық қардағы адам іздерін берудегі шеберлігін көрсетіп, оның астарына үңіледі де: «Айдарбектің тарих шынжыртабаны мылжалаған өмірі емес пе» деп қорытады. Осындағы тарих шынжыртабаны мылжалаған опасыз өмір тіркесі санаңды қамшымен тіліп жібергендей селк еткізеді. Шынжыртабанның астына өзің түсіп кеткендей бойыңды жинап аласың. Міне, сөз құдіреті, міне, сөз ойнату. С.Шарабасов қазақ әдеби тілін дамытуға, байытуға өзіндік үлес қосқан әдебиетші, ғалым һәм жазушы десек артық емес. Бірақ көркем прозаны қолы қалт еткенде жазып, аз да болса мәз дүние тудырғанына қарап, тереңнен тартылған тылсым талант бар екенін мойындайсың. Дегенмен педагог, ұстаз, ғалым Шарабасов жазушы Шарабасовтың жолын бөгей берген сияқты.

Қандай да бір тілдің дамуы, қалыптасуы, эволюциясы оның лексикасында және тұрақты тіркестерде айқын көрінеді. Тілдік эволюцияда лексика мен фразеологизмдерді бірінші орынға қою үрдісі қалыптасқан. Белгілі ғалым Е.Д.Поливановтың пікірінше, бұлар «единственная областъ языковых явлений, где содержание кулътуры (данного коллектива в данную эпоху) отражается более или менее непосредственно». Бұл тұста ғалым қай тілде де болмасын екі сөзбен айтып, тұтас бір ұғым беру процесі жүріп жатқанын ескертеді.

С.Шарабасов прозасында осындай еркін тіркестер көптеп кездеседі: мимырт тірлік, кембағал махаббат, ойынқой бұзау, алакүлік сезім, үркек болжам, бипаз баян, қосжарма күйкі өмір, шәркез сезімдер, дүрегей топ, күреңселі күрес, әурелі жыр, шалтты тірлік, жарықшақ мінезт.б. Байқағанымыздай, бұл тіркестер лексикализациялану процесіне түсуге өте бейім. Яғни болашақта пайда болар тұрақты тіркестердің негізі, қаңқасы. Фразеологизмдердің басым көпшілігі өзінің сөз тіркесі ретінде алғашқы, тура лексикалық мағынасы жағынан алғанда еркін тіркестің табиғатына жақындайды.

«С.Шарабасовтың ғылыми мақалаларында болсын, көсемсөздері мен прозасында болсын ешкімге ұқсамайтын өзіндік сарабдал стилі бар. Сөз қолданысында ерекше байқалатын айшықтар, өрнектер, аз сөзбен көп ұғым беретін дөп айтылған тіркестер, есті мидан туған естияр сөздер әдеби тілімізді байытуға үлкен үлес қосты деп айта аламыз», деп түйіндеді ойын Мұрат Сабыр.

Соңғы жаңалықтар