Фиджи Республикасы Қазақстанның сенімді серіктесі - Қайрат Әбдірахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Фиджи Республикасы 2030 жылға қарай көміртек қалдықтарының көлемін 30% қысқартуды көздейді. Бұл туралы Фиджи Республикасының Премьер-министрі Джосайа Вореке Байнимарама ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Фиджи Республикасының Ұлттық күнін мерекелеу барысында атап өтті.  

«Біз 2030 жылға қарай жеке көміртек қалдықтарын 30%-ға қысқарту жөніндегі Париж келісімі аясында қабылданған дүниежүзілік қауымдастық алдында міндеттемені орындау үшін  су, жел және күн энергиясы мен биоотынға көшу қажеттілігін түсінеміз. Сонымен қатар, Фиджи Республикасы мемлекеттің және әлем болашағы үшін маңызды болып табылатын жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар тартуға мүдделі. Қазіргі кезде қазба отынын импорттауға жылына миллиард долларға жуық қаражат жұмсаудамыз», - деді Джосайа Вореке Байнимарама.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана қаласындағы Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуде қолдау көрсеткен елдерге қазақ елінің алғыс білдіретіндігін тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, Фиджи Республикасы Қазақстанның сенімді серіктестерінің бірі.

 «Фиджи Республикасы халықаралық саяси аренада Қазақстанның сенімді серіктесі екендігін атап өткім келеді. Осы қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз және оларды екі елдің игілігі үшін нығайтуға ниет білдіреміз. Көрмеге Фиджи Республикасының қатысуы екі елдің ұлттық салт-дәстүрлерін танып білуге мүмкіндік береді», - деді Қайрат Әбдірахманов. 

Айта кетейік, Фиджи Республикасының павильоны Тынық мұхиты плазасында орналасқан. Павильонда елдің мәдениеті, туризм, сауда салаларындағы және инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылған. Фиджи Республикасының павильонын көрменің екі ай жұмысы аралығында 90 мыңнан астам адам тамашалаған.   

 

 

Соңғы жаңалықтар