Фейсбукке қатысты дау-дамай: Цукерберг Еуропарламентке шақырылды
Сондай-ақ, депутаттар әлеуметтік желілердің ықпалына, жалған жаңалықтардың таралуына және сайлау кезіндегі айла-шарғыға қатысты алаңдаушылық танытып отыр.
Еуропалық парламент президенті Антонио Таяни Туиттердегі парақшасында Марк Цукербергке жолданған хатты жариялады.
«Барлық саяси топтар АҚШ конгресіндегі кездесу секілді, мұнда өзіңіздің жеке келуіңізді сұрайды», - деп атап өтті Таяни.
Еуропарламент президенті Цукербергке Фейсбуктің вице-президенті Джоэл Капланның келгені жеткіліксіз екендігін айтып, депутаттар алдында жауап беруін тағы сұрады.
ЕП басшысы «Фейсбук компаниясының ЕО заңнамасына сәйкес Дублинде тіркелгенін» еске салды, сондықтан ең ірі әлеуметтік желі «Еуропарламентпен ынтымақтасып, жауап беруге міндетті».
Айта кетейік, бұдан бұрын Фейсбук компаниясы 50 млн астам қолданушының жеке мәліметін Cambridge Analytica британдық фирмасына ұсынған еді. Олар қолданушылардың саяси көзқарастарына талдау жасаған. Әлеуметтік желі басшысы болған оқиғаға байланысты кешірім сұраған болатын. Ал өткен аптада осы тақырыпқа байланысты тыңдау кезінде АҚШ конгресі мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.