Фестиваль өтті, көңілде көп ой қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің Ақтөбе облыстық әкімдігімен бірлесіп өткізген драма театрлардың XXIV республикалық фестивалі аяқталды.

Жылда өтетін дәстүрлі өнер мерекесіне биыл 32 театр қатысуға тілек білдірсе, солардың тек 8-і ғана іріктеліп алынды, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Фестивальда бірінші болып өнер көрс­еткен С.Мұқанов атындағы Солтүс­тік Қазақстан облыстық қазақ музы­ка­лық драма театры көрермендер назарына Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының желісі бойынша сахна­ланған «Дауылпаз баба - Қожа­бер­ген» қойылымын ұсынды. Былтыр театр маусымының шымылдығын ашқан бұл қойылым Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған еді. Қоюшы-режиссер Батырбек Шамбетовтің трактовкасы бойынша спектакльде жыраудың өмірі, образы, әз Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысының» қабылдануы, батыр бабалар бейнесі, іркіттей іріген қазақ руларының берекесіздігі, халық тағдыры алға тартылады. Спектакль зар заман қасіретімен бірге, жыраудың ақындығы мен батырлығын, көсемдігі мен көрегендігін суреттейді. Қожаберген рөлін сомдаған актер Нұрбол Асқаров өз кейіпкерінің мінезін, мақсат-мүддесін жақсы түсінген. Қазылар алқасы қойылымның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай келе, жас театрға шығармашылық бағытын айқындауға кеңес беріп, табыс тіледі.

Көрермендер мен қазылар алқасының назарына ұсынылған екінші шығарма - Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романының желісі бойынша қойылған «Мәңгүрт» спектаклі. Иә, кезінде «Ғасыр­дан да ұзақ күн» деген атпен мэтр-режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойғаны белгілі. Әзекеңнен кейін қырғыз жазушысының әлемдік философиясын сахналауға жүрегі дауалаған режиссерлер көп емес. Бұл жолы Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының мәңгүрт тақырыбына батыл барғандығы сүйсінтті. Қазақ театр режиссурасындағы жаңа есім - жас режиссер Гүлназ Қамысбаева жаңа пішін іздеуге талпынған, тапқыр шешімдерге жүгінген. Актер Нұрбек Съезхан жасаған Мәңгүрт бейнесіне және Дастан Пышанов сомдаған Едіге образына қазылар алқасы жақсы баға берді. Кемшіліктер де жоқ емес. Болашақта ұжым қазылар алқасы айтқан ескертулерге көңіл бөле отырып, шығармаға әлі де терең бойлап жұмыс істесе, толыққанды көркем спектакль шығатынына күмәніміз жоқ.

Фестивальда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының қазақ труп­пасы Н.Гогольдің «Үйлену» спек­таклін қойды. Спектакльден жас режиссер Дина Жұмабаеваның режиссерлік ізде­ніс­терін айқын аңғаруға болады. Бұл қойылы­мын­да режиссер «әр адамның кіріп-шығатын өз есігі бар, тек өз есігіңді дұрыс таба біл...» деген идеяны алға тартқандай. Сах­нада қанша кейіпкер болса, сонша есік бар. Тек сол есіктердің екі сағат бойы ты­ным­сыз қозғалысын елестетіңізші... Дөң­ге­лекке орнатылған декорация театр­да жа­ңалық емес. Ал ол есіктерді ары-бері қозғалта беру қойылымға сырттай дина­мика бергенімен, актерлердің өз шеберлік­терін көрсетуіне кедергі келтіріп жатты.

С.Сейфуллин атындағы Қараған­ды об­­лыстық қазақ драма театры фестивальға Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» драма­сын әкелді. Қазылар алқасы режиссер Дунай Еспаев қойған спектакльдің қай жа­ғы­нан алса да деңгейі төмен екенін бірден айт­­ты. Қо­ры­тындылауда театр артистерін кә­сі­­би тұр­ғыда өсіріп, шеберліктерін шың­дау ке­рек­тігіне бір ауыздан тоқталды. Бұл үшін республикамыздағы білікті ре­­жис­­­­­сер­­­лерді шақырып жұмыс істеудің, тә­­ж­і­­ри­­­бе алмасудың тиімділігі тілге тиек етілді.

Ал Қ.Қуанышбаев атындағы мем­лекет­тік академиялық қазақ музы­калық драма театрының «Шие» қойылымында сах­на­лық режиссер Сергей Потапов өзін­дік режиссерлік қолтаңбасын танытып қана қоймай, ондағы әрбір актердің жеке-жеке көрінуіне, шеберліктері мен талант­тарының барынша ашылуына мол мүм­кіндік берген. Кейіпкерлердің тағдыры бар, өмірі бар, тіпті, бәрі де басты рөл сияқты әсер қалдырады. Режиссер кейіпкерлердің есімдерін қазақшалап алғанын кезінде түсінбегеніміз рас. Енді мұның ар жағында қою­шының классикалық шығарма арқы­лы бүгінгі қазақ қоғамын көрсетуді, шы­ғар­маны қазақыландыруды мақсат ет­кенін аңғардық. ХХ ғасырдың басында жазыл­­ған туынды бүгінгі біздің өмірімізді сурет­­теген­дей. Қойылым сценографиясы, музы­ка, жарық, костюм сияқты спектакль құрушы негізгі компоненттердің бәрі сәтті ойластырылған.

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау об­лыс­тық музыкалық драма театры ұсынған Уильям Шекспирдің «Гамлетін» режиссер Гүлсина Мерғалиева басқа қырынан көр­ген. О дүниелік болған патшаның топы­рағы кеппей жатып оның ағасы Клавдийге күйеуге шыққан королева Гертруданың бұл қылығын режиссер ақтап алғысы келе­ді. Патша өлді - көз жасыңды көл қы­лып отыратын кез емес, тез арада шешім қа­былдау керек, әйтпесе тақтан да, бас­ың­д­ағы бақтан да айырылып, өзің де, балаң Гамлет те өлуі мүмкін. Кез келген көре­ген саясаткер мұндайда жылдам әре­кет­ке көшеді. Осы тұрғыдан алғанда, Гертру­даның бұл қадамы дұрыс. Алайда, қойы­лым­да режиссердің сол мақсаты анық көріне алмады.

Фестивальда өзге қойылымдарға ұқса­май­тын ерекше туынды ретінде жастар театры ұсынған Ж.Пило және О.Шультездің «Моцарт» мюзиклін айтуға болады. Режис­­сер Нұрқанат Жақыпбайдың бұл шы­ғар­­маға терең дайындықпен келгені, жанын салып жұмыс істегені байқалады. Сах­на­­дан өте қомақты әрі көркем жұмыс­ты көр­дік. Сахнада елу шақты артист жұмыс істейді. Олар­д­ың әрқайсысы - бір-бір нота. Олар - фортепианоның клавиштері. Олар - Моцарт жүрегін жарып шыққан әуеннің иірімдері. Олардың киімдерін неге пианино түй­медақтары секілді ақ пен қара қылып екі түске бөле салмаған? Неге киім­нің ас­тарын - ақ, үстін қара түсті етіп үй­лес­тірген? Мұнда, біріншіден, ақ пен қара фило­со­фиясы жатса, екіншіден, екі түсті кла­виш­тер біріккенде ғана музыка туатынын киім арқылы суреттеген. Қойылымнан сон­дай ойды оқыдық. Спектакльді плас­ти­­ка­лық шешімге құру - жаңашыл режис­сер Нұрқанат Жақыпбайдың айнымас қол­таң­басы. Қойылымда бимен қатар, ән, хор айрықша үйлесім тапқан. Ән айтып жүріп билеу, билеп жүріп образға ену... мұның бәрі оңай емес. Моцарт рөлін­дегі жас актер Шерхан Талғатұлы өз кейіп­кері­­нің жан дүниесіндегі психоло­гиялық иірім­­дерін жақсы сезінген, бірақ уақытпен келе­тін шеберліктің аздап жетпей тұрғаны бай­­­қалды. Ал Моцарттың әкесі Леопольд Мо­­­царт­­ты сомдаған актер Асланбек Жан­­ұзақов пен анасы Анна Марияны бей­не­ле­ген актриса Айым Жүсіпбектің сахна­да­ғы жұ­мысына қазылар алқасы ерекше тоқталды.

Республикалық неміс театры қой­ған Әннес Бағдаттың «Жерде (Рух)» спек­такль-лекциясынан тарихты хроноло­гия­лық тұрғыда баяндаудан басқа ештеңе көре алмадық. Не драматургия жоқ, не режиссура жоқ, не актерлердің мүмкіндігін, шебер­лігін, талабы мен талантын көрсе­туіне мүмкіндік беретін сахна жоқ. «Мұның жанры сондай, бұл - спектакль-лекция» деп ақтауға да болмайды.

Фестиваль қорытындысында қазылар­дың шешімімен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Шие» қойылымы мен жастар театры сахналаған «Моцарт» мюзиклі «Үздік қойылым» деп танылды. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының «Өкпек жолаушы» қойылымы «Тақырыптық ізденісі үшін», ал республикалық неміс театрының «Жерде» («Рух») спектаклі «Классикалық шешімі үшін» аталымымен марапатталды. Ал фестивальға конкурстан тыс қатысқан Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры орыс труппасының «Ағайдың түсі» спектаклі Алғыс хатқа ие болды. Сол сияқты Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Кенжебек Башаров Гамлет рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» сыйлығына лайықты деп табылды. Бұдан бөлек, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының режиссері Батырбек Шамбетов, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері Гүлназ Қамысбаева, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Дина Жұмабаева «Режиссерлік ізденісі үшін» жүлдесін алды.

Сәуле ӘБЕДИНОВА,

театртанушы, өнертану магистрі

Соңғы жаңалықтар