Фермерлерден астық алуға пайызсыз бюджеттік займдар қажет - Қашқымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астық сатып алу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на пайызсыз бюджеттік займдар қажет. Бұл туралы Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің отырысында аталған корпорация басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер де бюджет тарапынан пайызсыз теңге займдары болса, онда нарықты жеткілікті деңгейде қамти алар едік. Барлық мәселе несиелеуге қатысты. Қаржыны банктерден тартқан жағдайда пайыздық үстемесі жоғары, ал валютамен алсақ, валюталық тәуекелдерге тап боламыз. Сондықтан да займдық қаржыға астық сатып алу бізге тиімсіз», - деп түсіндірді С. Қашқымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде корпорация 270 мың тонна астық сатып алды және бұл көрсеткішті 330 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қытай мен Иран бағыттарына жеткізуге шарттарды орындау үшін арпа мен жоғары протеинді бидай сатып алынуда.

Қазіргі кезде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясында» 800 мың тонна көлемінде астықтың өтпелі қоры бар. Сонымен қатар міндеттемелерді астықпен қайтару іске асырылады деп күтілуде және қордың көлемі миллион тоннаға жетеді. Сондықтан да коммерциялық тұрғыда астықты ары қарай сатып алудың ешқандай мәні жоқ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның астық өндіруші облыстарының фермерлері астықты өткізуде кейбір қиындықтарға тап болған еді.

Соңғы жаңалықтар