Фермерлер сақтандыру компанияларын алдап жүр - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде кейбір пысықай фермерлер бүлінген егіс алқаптарын асыра көрсетіп, сақтандыру ақысын көптеп алып жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, қазіргі кезде егістің бүлінгенін арнайы комиссия растайды. Алайда оның арнайы құрал-жабдықтары жоқ. Соның салдарынан фермерлер сақтандыру компанияларын алдап, аз алқапқа көп ақша алып отырады. «Мәселен, бір шаруа қожалығы 500 гектар жерде дәнді-дақылдардың бүлінгенін рәсімдеп алды. Алайда арнайы жұмыс тобы аталған учаскенің арыз берушінің иелігіне жатпайтынын анықтады. Бұдан бөлек, жер 500 гектар емес, 400 гектар болып шықты. Соның тек 150 гектарына ғана дақылдар егілді. Ал бүлінген дақылдардың жалпы көлемі 20 гектардан аспады. Сонда сақтандыру бойынша 40 мың теңге төленуі керек. Ал фермер 750 мың теңгені жасап алды», - деді Қ.Айтуғанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ауыл шаруашылығы қазіргі сақтандыру жүйесін өзгертуді ұсынып отыр. «Біріншіден, өсімдік шаруашылығы саласында міндетті сақтандыру жүйесін электронды форматқа ауыстыру қажет. Қазіргі minagro.kz платформасы электронды базаларға қосылған. Соның арқасында барлық мәліметтерді тексеріп отыруға болады. Мәселен, жер кадастрымен интеграциялаудың нәтижесінде сақтандыруға бөгде біреудің жерін өткізуге жол берілмейді. Ал жерді қашықтан зондау жүйесі дақылдардың өсуі және тағы басқа көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, бірыңғай электронды жүйе дәнді-дақылдардың жағдайын, өсу динамикасы мен нақты шығындардың көлемін көрсетеді», - деп атап көрсетті Қ.Айтуғанов.

Үкімет басшысы министрліктің осы ұсынысын қолдады. Бақытжан Сағынтаев барлық ұсыныстарды ескеріп, Министрлер кабинетіне дайын құжат ретінде енгізуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар