«Эйр Астана» жолаушыларына ет асып, құрт тарата ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшақтарының борттарында ұлттық тағамдарымыздың берілуі және жолаушыларға конфет орнына құрт үлестірілуі мүмкін бе? ҚазАқпарат тілшісі оқырман көкейінде жүрген бірқатар сұрақтардың жауабын іздеп көрді. 

«Эйр Астана» әуе компаниясы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта компания халықаралық рейстерді орындағанда ұшып шыққан елдің тамағын жолаушыларға ұсынып отыр.

«Мысалы, Делиден ұшып шыққан жолаушыларға үндістандық Матар Панир тағамы ұсынылса, Бейжіңнен мінген жолаушыларға қытай шаяндары қуырылған кеспесімен беріледі. Ал, 1 сәуірден бастап, Астанадан ұшып шыққан барлық рейстердің эконом-кластағы жолаушыларына палау беріле бастады», - деді ӘК мамандары.

Компания өкілдерінің айтуынша, бизнесс-кластағы жолаушыларға палау мамыр айынан бастап берілмек екен.   

«Ұлтымыздың түрлі тағамдарын ас мәзіріне ендіруге болады. Алайда, асты бабымен әзірлеп, оның дәмін келтіру жағы қиындық туғызып отыр. Мәселен, ет асатын болсақ, оның кеспесі, я жаймасы суып қалады, оны сол күйінде қазаннан түсіріп бере алмайсың. Оның үстіне, оны дайындайтын құралдар да қажет. Қазіргі уақытта компания техника сатып алу жағын қарастырып отыр. Манты тек бизнес-кластағы жолаушыларға ғана беріледі. Себебі, оны да қолмен түйіп, суытпай ұсыну керек. Дегенмен, айта кетейік, әуе компаниямыз ас мәзіріндегі тағамдар түрін көбейту бойынша ізденісін тоқтатқан емес», - деді аталған әуе компаниясының мамандары.

Сонымен қатар, біз әуе компаниясы не себептен ұшақ әуеге көтерілгенде және қонуға бағыт алғанда үлестірілетін конфет орнына құрт таратылмайтынын сұрадық.

«Эйр Астана» әуе компаниясының мамандары конфеттің құлақ бітелгенде жақсы көмектесетін қасиеті бар екенін, ал құрттың құрамында ондай қажетті заттың жоқ екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар