EXPO 2017 Football Cup: Әйгілі ардагер футболшылар шеберлік сыныбын өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм және дамыту департаментінің директоры Аллен Шайжүнісов 5 тамызда Елордадағы «Астана Арена» стадионында басталатын «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық турнирінің бағдарламасымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент директорының айтуынша, 4 тамыз күні сағат 18:00-де Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында әлемнің аты аңызға айналған ардагер футболшылары жанкүйерлермен кездесу өткізеді. Кездесу барысында футболшылармен фотоға түсіп, олардан қолтаңба алуға мүмкіндік берілмек. Бұдан кейін Амфитеатр сахнасында командалардың таныстырылымы болады.

5 тамызда сағат 12:00 уақытында «Астана Арена» стадионында топтық матчтар ұйымдастырылып, турнирдің ашылу салтанаты өтеді.
«6 тамызда сағат 10:00 -12:00 аралығында әлемдік футбол жұлдыздарымен балаларды кездестіріп, шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Шеберлік сыныбына шамамен мыңға жуық жас жеткіншек келеді. Бұл қадам жас буынның футболға деген қызығушылығын арттыра түседі деген сенімдеміз», - дейді А. Шайжүнісов.

6 тамыз күні сағат 13:30-да бесінші орын үшін, ал сағат 14:30-да үшінші орын үшін ойын өткізіледі. Финал сағат 15:30-да басталады.

Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 тамызда елорданың «Астана Арена» стадионында «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турнирі басталады. Елордалық стадионда Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. ЭКСПО кубогында Астана жанкүйерлері әлемдік деңгейдегі ардагер ойыншылардың ойынын өз көзімен көре алады. Олардың арасында «Алтын доп» иегері француз Жан-Пьер Папен, «Валенсия» капитаны Гаиска Мендьета, «Порту» сапында жасындай жарқылдаған Манише мен Италия чемпионатының үздік сұрмергені болған Эрнан Креспо бар.

Соңғы жаңалықтар