ЕҰУ-де Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 19 қаңтарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде V Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы талқыланды. Конгреске республиканың тарих-гуманитарлық ғылымдар саласының көрнекті өкілдері, ҚР қоғам қайраткерлері, сонымен қатар шетелдік қонақтар қатысты.

Конгресті өткізудің басты мақсаты - Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында баяндалған тарихи бастамашыл идеяларды талқылау және насихаттау. Осы арнада ұлттық рухани өрлеу және қоғамдық сананың жаңғыру мәселелері, білім беру ісі және тарих ғылымының өзекті мәселелерін талдау, архивтер мен музейлердің жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру, ұлттық тарих контексіндегі жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарының мазмұндық жағдайын жақсарту сияқты мәселелер қамтылды.

Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл «Тәуелсіздік дәуірі» - «Эра независимости» еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.

Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі басқарма төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың кіріспе сөзімен басталды.

«Өздеріңізге мәлім, 2018 жыл ерекше елдік межеден басталды,- деп атап көрсеткен Е.Сыдықов Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы бізді Қазақстан жолы аясында одан сайын топтастыра түскеніне назар аударды.

«Бағыт - айқын, іс-шаралар бағдары да белгіленді. Соның ішінде адами капиталға жауапты білім-ғылым саласының мойнындағы жауапкершілік нақтыланды. Жолдауда Елбасы Рухани жаңғыруды да, Тәуелсіздік дәуірі құндылықтары мен қағидаттарын да жеке-жеке жүйелеп айтты. Бәрімізге міндеттер жүктеді»,-деді ол.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жаңа кітабы - қоғам, әсіресе тарихшылар қауымы жылы қабылдаған іргелі еңбек екендігін атап өтті. Тарихшылардың ұлттық конгресінің бүгінгі мақсаты - аталған еңбектің білім жүйесіне қажетті әдіснамалық, әдістемелік негіздерін қарастыру екендігін тоқталған ғалым осы ретте алдыда тұрған басты міндеттерге тоқталды.

- Тәуелсіздік жеңісі мен жемісі Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ендеше Нұрсұлтан Назарбаевтың - жаңа мемлекет негізін қалаушы және ұлт көшбасшысы ретіндегі ерен қызметін әлемдік саяси лидерлер қатарында зерттеуді жаңа сатыға көтеру;

- Президенттің жаңа кітабында Тәуелсіз Қазақстан жолын әлемдік өркениет үдерісі арнасында зерделеудің жаңа әдіснамалық түбірі түзілген. Мамандар осыны жаңа зерттеулердің тұғыры етіп алуы тиіс;

- Мемлекет басшысының аса маңызды бастамалары мен идеялары барлық деңгейдегі білім мекемелерінің оқу үдерісіне енгізілгені жөн;

- Рухани өрлеу мен жаңғыруға тікелей ықпал ететін білім және мәдениет жүйесі «Тәуелсіздік дәуірін» темірқазық етіп алуы қажет;

- Елбасы еңбегінің негізінде жоғары, арнаулы, орта мектеп оқулықтарының мазмұнын сапаландыру керек. Ел тарихын Елбасының өзі бастап баяндап жазуы бүкіл қоғамдық санаға зор серпін берді. Бұл кітап - стратегиялық маңызды еңбек. Президент айқын, батыл, дәйекті, тиянақты түрде тарихты шынайы жазу әдіснамасын қалыптастырып отыр. Бұл - ғалымдарға да, оқытушыларға да қажет ғылыми ұстын.

«Маман ретінде айтарымыз, «Тәуелсіздік дәуіріндегі» көзқарас нақтылығы, пікір тереңдігі, тұжырымдама негізділігі, әдістеме ұтқырлығы - бәріміз үшін үлкен рухани олжа. Бұл кітап мақсат-міндеттерімізді жүзеге асырудың басты әдістемелік құралына айналатынына сенімдіміз. Кітап авторы - Отан тарихының бар кезеңін өз басынан өткерген, барлық межеге маңдай тері сіңген көреген қайраткер ғана емес, терең білім мен шыңдалған тәжірибе иесі»,-деді ғалым.

«Елбасы әрқашан: «Біздің өз жолымыз бар... Біздің ел - өз заңы, өз жолы, өз келешегі бар ел» дейді. Ендеше, бүгінгі Қазақстан жолы - қайталанбас жол. Оның Елбасы - елдіктің нышаны, Тәуелсіздік баяндылығының кепілі.Сондықтан Ұлы Дала елінің жаңа тарихын жазудағы ұстанымдар Президент еңбегіндегі тұжырымдардан бастау алып, ізашар ойларын шынайы өрістетуі тиіс»,- деп түйіндеді шешен өз ойларын.

Осыдан кейін тарих ғылымы саласында еңбек сіңіріп жүрген кәсіби мамандар баяндамаларын жасады: Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Кабульдинов, ҚР Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы» ММ директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мейір Ескендіров, жазушы, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов секілді көрнекті ғалымдар ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын қорытындысы бойынша Қарар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар