ЕҰУ-да қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына арналған көрме өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан шаралардың барысына арналған көрме өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, көрме Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы қарсаңында ұйымдастырылды.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі кеңсе (Жобалық кеңсе) өз жұмысын бастағалы бері министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жобаны пысықтады, бүгінде олар жүзеге асырыла басталды.

Жалпы алғанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы жыл соңына дейін жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатын болады.  Сарапшылар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімін жасады. Көрме барысында осы жоба бойынша жұмыс тобының мүшелері іріктелген кітаптарды көпшілік назарына ұсынды.  Атап айтқанда, бүгінде бағдарламаның аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы оқулықтарды аударуға кірісті.

Сонымен қатар, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті, олардан әрі қарай ашық дауыс беруге ұсынылатын аралық пулдар түзілетін болады

Мұнымен қоса, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалды.  Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді.   Туындыларды алдын-ала іріктеу қоғамдық талқылауды ескере отырып жасалады. Одан кейін тізім оның іріктеу талаптарына сәйкестігін сараптау үшін сараптамалық топтарға ұсынылады.  

Шара барысында еліміздегі киелі жерлерге арналған кітаптар мен Қазақстан аумағындағы маңызды тарихи нысандардың макеттері қойылды. Қазіргі кезде Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша республикалық деңгейдегі - 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктеліп алынды.

Көрмені ұйымдастырушылар «Туған жер» жобасы аясында ауқымды деректерді ұсынды. «Рухани жаңғыру» идеясын алға жылжыту мақсатында патриоттыққа тәрбиелейтін материалдар таныстырылды. Бұлар негізінен өлкетанудың жаңа оқулығы үшін жинақталған дайын материалдар.

Белгілі болғандай, еліміздің әр өңірі үшін 16 оқулық басып шығарылмақ. Осы орайда 2018-2019 оқу жылында мектеп оқушылары міндетті түрде өңірлік компонентке сәйкес жиырма сағат өлкетануды оқиды деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру, елдің әрі қарай да дәйекті түрде мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.   Комиссия құрамында танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңірлер мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және саяси партиялардың өкілдері бар.

null null null 

Соңғы жаңалықтар