Еуропадан қазақ тарихына қатысы бар ежелгі карталар табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -13 қыркүйек күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтетін «Дешті-Қыпшақтың ортағасырлық тарихы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда «Бабалар ізімен» экспедициясының нәтижелері жарияланады. Бұл туралы белгілі қоғам қайреткері, жиһанкез Сапар Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр біз алғаш рет «Бабалар ізімен» атты  ғылыми экспедициға шығып, 8 елде болған едік. Ал биыл сол экспедицияны жалғастырып, 67 күнде 22 елді аралап келдік. Осы сапарға барғандардың құрамында 5 адам болды. Экспедицияның мақсаты  - біздің бабаларымыз тұлпарының тұяғы жеткен елдерге барып, олардан қалған ізді зерттеу. Атап айтқанда, осы сапарларымыз өте нәтижелі болды, көп құжаттар таптық», - деп тоқталды С. Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Белгілі болғандай, экспедицияда  XIV-XVII ғасырларға тиесілі карталар табылды.

Өз кезегінде тарихшы Жақсылық Сәбитов экспедиция барысында қазақ тарихына қатысы бар, Қазақстан аумағы белгіленген бірқатар карталарды Еуропадан жинауға мүмкін болғанын жеткізді.

«Онда көптеген қызық мәліметтер бар. Мәселен, 1375 жылғы  Каталондық атласта  Жошы ұлысының мемлекеттік символдары көрсетілген. Сол кезде болған қалалар мен керуендер белгіленген. Яғни сол кезеңде Ұлы Жібек жолы жақсы дамығанын байқатады. Бұл қызықты мәліметтер қамтылған карталардың бірі», - деді Ж. Сәбитов.

Бұдан бөлек,  ол 1709 жылы Сібірде тұтқында болған швед офицері Иоганн фон Страленбергтің картасы жайында айтып берді.

«Сібірде ол орыстардың картасымен танысқан. Оларда Қазақ хандығының аумағы белгіленген. Бұл бірегей карталардың бірі деп санауға болады, себебі онда Қазақ хандығының тарихи шекарасы мен рулардың орналасуы бейнеленген», - деді тарихшы.

Айта кетейік, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда қыпшақ этникалық қауымдастығының қалыптасуы, олардың өзге халықтармен байланысы, шетелдерде сәулеттік, мәдени-тарихи мұралары арқылы тарихымызды танытатын тақырыптар қозғалады.

Таратылған мәліметке қарағанда, алдағы уақытта 30-40 сериядан тұратын бабалардың басқан ізі мен олардың болған жерлері туралы деректі фильмдер циклі көрсетілмек. Онда белгілі ғалымдардың сұхбаты беріледі.

 

Соңғы жаңалықтар