Euronews Алматы туралы сюжет түсірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Euronews Қазақстанның мәдени астанасы - Алматы туралы сюжет түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Метрополитэнс» бағдарламасында әлемнің ірі қалалары туралы баяндалады. Бағдарламаның кезекті санында америкалық Дэннис Кин Алматы туралы айтып береді. Ол Euronews тілшісі Галина Полонскаяға гид болады.

Г.Полонская Алматы қаласының жасыл желекке малынған, ғаламшардың экономикалық ырғағымен өмір сүріп келе жатқан, дамыған қала ретінде таныстырады.

«Бұл парадокстар қаласы кез келген адамды өзіне баурап алады. Тау бөктерінде орналасқан қала-баққа шетелден келетін туристердің аяғы үзілмейді», - дейді шетелдік шолушы.

Калифорниялық жігіт Алматыға ең алғаш студент кезінде келген. Қалаға ғашық болып қалған Дэннис осында жұмыс істеуге қалады. Оның жиһангездік жобалары аса танымалдылыққа ие.



«Вознесен соборы - Алматының сәулет келбетіндегі ең бірегей мұрасы. Бұл ғимарат Тянь-Шань тауларында өсетін Шренк шыршасынан салынған. 100 жыл өтсе де бөренелер сол қалпында сақталған. Ғимаратты қалпына келтіру кезінде сыртқы қабатын алғанда ішіндегі ағаш конструкциялар жап-жаңа екендігін көріп құрылысшылар таңғалған. Мен соны сәулетшінің өз аузынан естідім» - деді Дэннис.

Шетелдік туристердің назарынан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының ғимараты тыс қалмайды. Америкалық гид ғимараттың ұлттық нақышта салынған детальдарымен таныстырады.

«Ортасында ер адам ұлттық аспап - домбырада ойнап отыр. Қасында - соцреалистік нақышта жасалған, алма теріп отырған қыздың бейнесі.  Алматы - алманың отаны. Тау бөктерінде өсетін жабайы алмалар дүниедегі барлық алма атаулының атасы десек болады», - деді ол.

Шетелдіктер театр ғимаратында жасырылған тарихи сырларды түсінуге тырысты. Оларды сақ дәуірінен қалған Алтын адамның бейнесі қатты қызықтырды.

«Зал интерьерінде Алтын адам бейнесі салынған. Оның киімдері тұтас алтыннан құйылғаны дәлелденді. Мында қар барысының бейнесі бар. Қар барысы - қызыл кітапқа енген сирек жануарлардың бірі. Ол Іле алатауында өмір сүреді», - деді Асқар Бөрібаев.



Бағдарлама кейіпкері, шетелдіктерге Алматының басқа да қырларын ашып берді. Атап айтқанда, Дэннис Кин Алматыдағы музыкалық көшелердің виртуалды картасын жасаған екен.

«Google картаға кіріп, өзіңіз тұрған жерге басасыз. Сонда көшенің атауы шығады. Мәселен, Күләш Байсейітова көшесі. Тетікті бассаңыз, Күләш туралы ақпарат шығады. Оның биографиясын оқи аласыз. Күләш Байсейітова қазақтың бұлбұлы, жезтаңдай әншісі. Мына жерден оның даусын тыңдауға болады. Шынымен бұлбұл десе, бұлбұл», - деп атап өтеді Дэннис.

Сондай-ақ туристер тобы қаланың орталығындағы Көкбазар ғираматын аралайды.

Шетелдіктер 70-жылдары салынған ғимараттың архитектуралық шешіміне таң қалысты. Олардың айтуынша, бірнеше күмбезді ғимараттың ішінде күндізгідей жарық болуы таңғаларлық жайт. 

Сонымен бірге, еуропалықтар Шымбұлақ тау шаңғысы курортының әлеуетін де тілге тиек етті.

Дэннис Кин Алматыға 12 жыл бұрын студенттік алмасу бағдарламасы арқылы келген. Қазақ елін, тілін, мәдениетін жақсы көреді. Қазақтың ұлттық спорт түрі - құсбегілік туралы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Сол үшін қазақ тілін меңгеріп алған. Қалада жаяу серуендегенді жақсы көреді. Соның арқасында қала тұрғындары мән бере бермейтін қызық деректерді жинап жүреді. Қазіргі таңда Қазақстанды шетелге танытатын бірқатар жобалармен айналысуда.

 

Соңғы жаңалықтар