Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 341.61
EUR 410.27
RUB 5.90
CNY 51.98

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті - Ғарифолла Есім

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім
2017 жылғы 16 қыркүйек 10:28 856

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 3 ай бойы өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ашылған «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені туралы көпшілік хабардар. «Этноауыл» аталған кезең ішінде көрмеге келушілердің басты туристік объектісіне айналды. Осыған орай ҚазАқпарат ғалым, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімнің аталған ұлттық кешен туралы пікірін жариялайды..

Тарихында тағдыр тәлкегінің талайын көрген халқымыздың кеңпейілдігі, қонақжайлығы хақында көп айтылады, ал бұл  аксиома ақиқат. Бірақ бейбіт жағдайдағы елімізде қазіргі күндері халықтың қалай өмір сүріп жатқаны, нені ұлағат тұтып, нені қалайтыны, жалпы алғанда, жаратылысы, болмыс-бітімі қандай екені әлемнің көпшілігіне бұған дейін беймәлім болып келген.

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім

Міне, осы сауалдарға жауап алу үшін, Қазақ елін танып-білуге ұмтылған шетелдік кім үшін де, биыл зор мүмкіндік туды. Бұған елордамыз  Астанада жанға жайлы жаз айларында ашылған «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі толық жағдай жасады. Көрменің мәдени бағдарламасы Қазақстанның басты байлығы  бірегей мәдениет пен көпұлтты халқымыздың дәстүрін жан-жақты, кеңінен насихаттауға бағытталғаны көп көңілінен шыққаны даусыз.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямыз, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, табысты дамуы және жас елордамыз Астананың гүлденуі мәдени іс-шаралар арқылы 93 күн бойы ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында, сонымен қатар Астана қаласының барлық сахна алаңдарында көрсетілді. Кешенді бағдарламадағы қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрін ашатын іс-шараларға ерекше көңіл бөлінгені қуантады.

Ең алдымен, әрине, шетелдіктер халықтың тыныс-тіршілігін күнделікті олар көп болатын орындарда, сауда-ойын сауық орталықтарында, демалыс орындары  саябақтар мен спорттық мекен-жайларда, әлбетте, мұражайлар мен қызықты көрмелерде, сосын театрлардан көріп-біліп, таныса алады. Ал, осының бәрін бір өзіне біріктіре алған көрнекті жер болса, тіптен жақсы. Республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігі осыны ескере келе, жақсы бір кешенді орталықты уақтылы іске қосып, шет жерден келгендердің де, өзіміздің отандас туристеріміздің де көңілінен шыққан сыңайлы. Бұл  этномәдени кешені.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрін кеңінен паш ететін «Этноауыл» этномәдени кешені «Қазанат» ипподромының аумағындағы 2,5 мың шаршы метр аумақты жерге орналастырылыпты. Қазақстанның жағымды және еліміздің туристік көзтартарлық бейнесін қалыптастырған кешенге арнайы келіп тамашалаған көпшіліктің қарасы көрме аяқталғанша, бір толастамады. Алғашқы күннен бұл кешен шетелдік қонақтар үшін басты туристік нысанға, қазақстандықтардың өздері үшін де сүйікті орынға және көрменің визиттік картасына айналып үлгерді.

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім

Кешен аумағындағы сан алуан мәдени шаралар бірінен соң бірі тартымды әрі үзіліссіз жүріп жатты. Этноауыл бірнеше тақырыптық аумақтардан құралған. Мәселен, «Қолөнершілер» секторында қолданбалы қазақ өнерінің экспозициясы көрсетілген: мұнда кескіндеме де бар, зергерлік бұйымдарды әзірлеу де бар, сондай-ақ, ағаш ою, қыш ыдыстарды жасау, кестелеу өнері және тағы басқа да қазақ халқына тән қолданбалы өнерлер көпшілік назарына ұсынылды. Шетелдіктер сол жерде шеберлерге тапсырыс беріп, өздеріне ұнаған бұйымды көздерінше жасатып алып та жатты, қазақтардың ісмерлігіне таңдай қағып, бастарын шайқағанның куәсі болдық.

Тағы бір, яғни «Ұлттық дәм орталығы» секторында этноауыл қонақтары қазақ халқының қонақжайлығын бағалай алды, сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық асханасының алуан түрімен танысты. Мұнда, көп шет жерден келгендер үшін «бесбармақ» аталып жүрген нағыз қазақи тағамымыз талайдың тілін үйіріп, мақтауына ие болды.

 Ұлттық болмысымыздың тағы бір басты белгісі аңшылық кәсіп  «Дәстүрлі аң аулау өнері» секторында көрініс тауыпты. Мұндағы аңшы ағайындарымыз құстармен дәстүрлі аң аулау өнері  саятшылық және дала аңдарын тазымен аулау секілді қазақ халқының ең сүйікті кәсібін жария етті. Мергендер де өз өнерлерін халық назарына осында ұсынып жатты.

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім
Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім

Қонақтар мен шетелдік туристерді «Ұлттық ойын және ойын-сауық» секторы аса қызықтырды. Онда «Көкпар», «Сайыс», «Қыз қуу», «Күміс алу», «Алтыбақан» секілді қазақтың ұлттық ойындары мен әскери-спорттық ойындар көрсетіліп, әсіресе бұлар шетелдіктер тарапынан жақсы бағасын алды.

ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан күндері Этноауылда күнделікті «Концерттік алаңда» Қазақстан өнер шеберлері мен жұлдыздарының қатысуымен әртүрлі жанрдағы концерттік бағдармалар ұсынылды. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұйымдар, облыстардан арнайы концерттік бағдарламаларымен келген ұжымдар да өздерінің өнерлерін көрсетіп, көпшілікті қуантты.

Сондай-ақ, осы секторда Өзбекстан, Мажарстан, Ресей, Норвегия, Монғолия, Қырғызстан, Түркия елдері әртістерінің қатысуымен «The Spirit of Tengri» («Тәңір рухы») жобасының авторларымен бірлесе отырып, «Nomads way» шарасы да көңілден шыққан.

Этноауыл еліміздің беделін биіктетті -  Ғарифолла Есім

Бір сөзбен айтқанда, жұмыс күндері әдеттегі қалыпта тынымсыз жұмыс істеген кешенде, әсіресе сенбі, жексенбіде қарқын тіпті қыза түскенін көрдік. Демалып жүрген көпшіліктің ересектері өзгеше қызық іздемей-ақ, жоғарыда аталған секторлардың кез-келгенінен іздегенін тауып жатты, бірі көкпар мен аударыспақ қызықтаса, енді біреулер саятшылыққа назар аударып әлек.

Балалар  мен жастарға да қалағанынша қызық жеткілікті болды мұнда. Әсіресе атқа мініп, қысқаша серуендеу бір ғанибет десек, асық ойнап, бел жазуға ұмтылған, тіпті жастық дәуренін еске түсіруге асыққан, үлкендер де бұл жерде көптеп саналды. Әсіресе шет елдерден келгендер осының бәрін қызық көріп, балаша қуанып, қол шапалақтағаны сырт көзге оғаш та көрініп жатты.

Шын мәнінде, Этноауыл келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және салт-дәстүрлерімен таныстырып, кез келген адамға көшпелі өркениет пен өткен ғасырдың хал-ахуалын сезінуге мүмкіндік жасады. Ал, бұл бастаманың аяқсыз қалмай, одан әрі жалғасуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы уәде беріп отыр және бұл Үкімет тарапынан қолдау тапса  нұр үстіне нұр!

 

 

Басты сөздер: EXPO-2017, Рухани жаңғыру,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер