Есірткі сатпақ болған екеу 11 жылдан арқалады - Қызылорда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық сотында есірткі заттарды заңсыз сақтап, сату мақсатында тасымалдаған екі сотталушыға қатысты айыптау үкімі жарияланды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап.

Алматы облысының тумасы Н. автокөлігімен Алматыдан Таразға келе жатқан кезде жол бойында ішінде есірткі заттары бар полиэтилен қабын көрген. Қапты көлігіне салып алып, Қызылорда қаласындағы К. деген танысына келген. Оған есірткі заттарды бірге сатып, пайдасын бөліп алуға ұсынады. Танысы К. ұсыныспен келісіп, екеуі Ақтөбе қаласына жолға шыққан.

«Арал-Шет» бақылау-өткізу пунктінде «Чанди» атты қызметтік итпен автокөлікті тексеру кезінде, көліктің артқы орындығында сары түсті скотчпен оралған 19 дана пакет, қағазға салынған және түссіз скотчпен оралған 6 дана пакет табылды. Олардың ішінде 487,34 грамм гашиш және 9220,54 грамм кептірілген марихуана салынғаны анықталды.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушылар Н. және К. ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1,3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, мүліктері тәркіленіп, әрқайсысы 11 жылдан бас бостандығынан айырылды. Жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар