Есіл өзенінің жағалауында электрокатамарандар мен ерекше дәмхана пайда болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Есіл өзенінде инновациялық катамарандар мен көше бойындағы ерекше дәмхана пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Елордадағы жаңашылдықтармен Фейсбуктегі өз парақшасында Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек бөлісті .

«Қоғамдық кеңістік аймақтарын дамыту бойынша жасап жатқандарымыздың барлығын Place making (қоғамдық жайлы орындарды құру) принципі бойынша құрудамыз. Көптеген тұрғындар үшін суда серуендеудің биылғы маусымы инновациялық электро-катамарандармен есте қалмақ, онымен кез келген адам қыдыра алады», - деп жазды Тұрлыбек.


Оның айтуынша, демалушылар 8 адамға арналған заманауи катамарандардың қолжетімді бағасы мен жайлылығына оң бағаларын беріп үлгерді.  

«Есіл жағасында өте жайлы тағы бір қоғамдық кеңістік алаңы пайда болды. Жас кәсіпкер Жанболат Маратов осы уақытқа дейін бос болып келген және көптеген демалушылардың назарына ілікпеген жерден Toffee Waffle - көше дәмханасын ашуды ұсынды. Бүгінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін биік 30 орындық орналастырылды. Енді, бұл жерде дәмді тағамдардан ауыз тиіп, достармен кездесіп қана қоймай, Есілдің әсем келбеті мен кешкі фонтан-шоуын тамашалауға болады», - деп хабарлады А.Тұрлыбек.

Еске салайық, бірер күн бұрын Есіл өзенінің жағалауында Қ.Мұңайтпасов атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда аспан астындағы кинотеатр пайда болды. Келушілерге орындықтармен бірге, ұлттық нақышта тігілген көрпешелер ұсынылуда. Сарыарқа ауданы әкімінің Фейсбукке салған суреттерінен бұл идея елордалықтардың көңілінен шыққанын көруге болады.

Сондай-ақ Астанада демалыс күндері йогадан жаттығулар өтіп тұрады. Көпшілікке арналған тегін шараны  Сарыарқа ауданының әкімдігі мен «Ak Niуet Astana» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастыруда. «Келесі жаттығулар жексенбі күні сағат 09.00-де «Астана» концертінің артқы алаңында өтеді», - деп жазды аудан әкімі.



Соңғы жаңалықтар