Есет Қуанов самбодан əлем чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Сочи қаласында ерлер мен әйелдер арасында самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатының соңғы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына да алтын медаль түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ресейдің «Боец» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Есет Қуанов 62 кг салмақта финалда ресейлік Аслан Мудрановпен кілемге шықты. Аса тартысты белдесуде Аслан 1:0 есебімен алда тұрды. Алайда жеңіске деген жігерін танытқан Есет бәсеке аяқталуға жақын қалғанда, таразы басын теңестірді. Содан кейін тағы әдіс жасап, бір ұпай алып үлгерді. Сөйтіп 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұдан бұрын әлем чемпионатының қола жүлдегері, өткен жылы «Харлампиев мемориалы» турнирінің жеңімпазы атанған Есет Қуанов осылайша ең үлкен табысына қол жеткізді.

Бүгін сондай-ақ қазақстандық палуандар Болатбек Райымқұлов (52 кг) пен Нұргелді Қиялбеков (68 кг) әскери самбодан қола жүлдегер атанды.

Еске сала кетейік, әлем чемпионатының алғашқы күні спорттық самбодан Бейімбет Қанжанов (52 кг), Әлібек Зекенов (90 кг) және әскери самбодан Райхан Мәди (100 кг) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Сондай-ақ кеше Гүлнұр Ерболова (52 кг), әскери самбодан Амандық Асауұлы (62 кг) мен Темірлан Ихсанғалиев (82 кг) үшінші орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар