Есен Елеукен: «Жайдарман» арқылы түркі жастарының достығын түлете түскіміз келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 тамыз күні Елорданың «Астана» концерт залында халықаралық «Жайдарман» ойыны өткізілгелі жатыр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, «Жайдарман» ойынының бұл жолы халықаралық дәрежеде ұйымдастырылуының өзіндік мазмұны мен мақсаты бар. Бүгінде Астанаға бет түзеген түбі бір түркі елдерінің жастарын «Жайдарманға» тартудың өзі оңайға түспегені анық. Осы тұрғыда жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып жүрген Есен Елеукеннің еңбегін ерекше атап өту керек. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстан КВН одағының төрағасын сөзге тартып, алдағы ойынның ерекшелігі мен бағыты жағынан тыңға түрен салған «Жайдарманның» мақсаты туралы әңгіме өрбітті.

- Есен аға, тіл фестивалі аясында өткелі отырған халықаралық «Жайдарман» ойынына көршілес елдерден командалар келетінін естідік. Бұл жолғы ойынның бұрынғылардан айырмашылығы қандай?

- Бұл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілгелі жатқан дода. Бұған дейін Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Башқұртстаннан бірлі жарым командалар келіп жүретін. Осы жолы толық екі елден үш құрама келеді. Сайысқа өзіміздің Қазақстандағы ұйғыр және өзбек лигасының құрамалары қатысады. Содан кейін Алтай, Жетісу секілді өңірлерден құрама жинақтадық. Себебі, әрқайсысының өзіндік орны бар. Бас-аяғы 10 команда қатысады. Әлбетте, шақырылған кейбір командалар келе алмай қалды. Оның өз себептері бар. Ең бастысы, көптен бері мақсат тұтқан бастамамызды жүзеге асырмақпыз. Келер жылы ойынымыз бұдан да ауқымды деңгейде өтеді деп ойлап отырмыз.

- Екі мемлекет деп отырғанымыз қай елдердің ойыншылары? Олар үшін қазақ тіліндегі «Жайдарман» ойынына қатысу қиынға түспей ме?

- «Жайдарманға» Ресейдің Башқұртстан, Татарстан елі мен Қырғызстан мемлекетінің ойыншылары қатысады. Ойын таза қазақ тілінде өтеді. Бұл форматты жылдар бойы пысықтап келе жатырмыз. Мысалы, біздің жастар Башқұртстанға барса, башқұрт тілінде, Өзбекстанға барса өзбек тілінде, Татарстанға барса татар тілінде ойнай алады. Бұл тәжірибені екі жыл бойы жетілдірдік. Бастапқы кезеңде барлық тарапта «Бұл қалай болады екен?» деген қауіп те, үрей де болған. Әрине, меймандар таза сөйлемесе де көрермендер үшін барынша түсінікті тілмен сөйлейді. Ендігі кезекте, үлкен ауқымдағы іс-шараны бізден бастайық деп отырмыз, себебі басқаларға үлгі болуымыз керек. Бізде ойынның нақты жүйесі жолға қойылған. Мәселен, биыл көктемде Кавказға барып, ноғай және қарашай тілінде «Жайдарман» ойынын ұйымдастырып қайттық. Ол жақта мұндай мазмұндағы ойын өтпеген.

Мемлекет тарапынан ауқымы кең іс-шаралар көптеп өткізіліп жатады. Түбі бір түркі елдерінде әр түрлі деңгейдегі форумдарда ғалымдар бас қосып, дәстүрлі әндерге байланысты жыл сайын шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, біз әзіл мен өнер арқылы жастардың бір-бірімен байланысын бекіткіміз келеді. Әр жерде, әр елде өткізіп келіп, байқап отырсақ, сол ел мен біздің елдің жастары бір-бірін іздеп тұрады. Мойындау керек, кейбір жастарымыз ағайын ұлттар туралы ештеңе білмейді. Бір жағынан туысқан елдерге де ана тілінің сақталуына септігімізді тигізіп жатырмыз деп ойлаймын. Өздері де әу баста тартынып, «халыққа бұл қызық бола ма, жоқ па?» деп қорыққаны да бар. Ал бірақ, ойын жасағаннан кейін зал лық толып, үлкендер батасын беріп, бәрімізді қанаттандырып кетті.   

- Демек, түбі бір түркі ұлттары жастарының мәдени және өнердегі байланысын тың форматпен қалыптастырғыларыңыз келе ме?

- Иә. Жастардың қарым-қатынасын жаңа форматқа шығару керек. Себебі, бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты. Тарихқа үңілсек, саяси жағдайға байланысты ағайын халықтарды жарыстырып, салыстырып, қырғи-қабақ еткен кезеңдер басымыздан өткен. Қандай саясат болмасын, оған ұлттар кінәлі емес. Біздің бастамамыз - жастардың өз ана тілінде сөйлеп, бірлесе шараларды өткізуге болатынын дәлелдеп беру. Тек қана «Жайдарман» емес, біздің жастар әлеуметтік желіде вайн бағытында да тәжірибесімен бөлісіп, Татарстанда, Башқұрстанда, Ноғайда да осы құралпы дәстүр басталып кетті. Яғни, «осылай жасауға әбден болады екен» деген ұғымды енгізіп жатырмыз. Тек қана Жайдарман емес, келешекте бірнеше бағытты қатар алғымыз келеді. Ол енді бүгін бастап нәтижесін ертең көреміз дейтіндей шаруа емес. Бәрі де қадам-қадам сайын бағындыратын асулар.

- Жайдарманға демеуші тарту оңай шаруа болмайтын болар...

- Сөздің ашығы керек, бизнес қазақша сөйлемейінше, қазақша дүниеге қаржы тарту қиындау деген ойдамын.

- КВН-ға қатысатын жастардың әлеуметтік саты бойынша көтеріліп, жұлдыз болып кететіні де бар ғой... Мәселен, Ресейлік Галустян, Ревва секілді КВН ойыншылары қазір жұлдыздарға айналып кетті. Сол секілді Қазақстанның жайдарманшыларына да жол ашылып жатқан секілді...

- Ресейдегідей «Жайдарманды» коммерцияландыруға қарсымын. Менің өзім бұл салада жалғыз жүргенім жоқ. Балалар бос уақытын жақсы өткізіп, өз ортасында еркін жүруі керек. Өз ортасымен тығыз қарым-қатынаста болып, кез келген шешімді тез қабылдайтын, сауатты, жан-жақты талпынысын шыңдап, әке-шешеге масыл болмайтын, қоғамға керек жастарды тәрбиелеп шығару - біздің бірінші мақсатымыз. Жастарды телеарнаға немесе театрға дайындап жатқан жоқпыз. Біреулер сол бағытта кетеді. Ал жалпысы өзінің жұмысымен өзі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс атқарып жүр. Біз ең алдымен, қоғамға керек, өз ойын ашық айта алатын, шешім қабылдай алатын, отансүйгіш, елге жаны ашитын жастарды тәрбиелеуді мақсат тұтамыз.

- Әзіл өнерінің тізгінін ұстап жүрген маман ретінде соңғы жылдары еліміздегі КВН-ның дамуы турасында тереңірек айтып бере аласыз ба? Күн мен түн секілді жайдарманшылар өнерінің артықшылықтары мен кемшін тұстары да бар болар?

- Енді оның бағасын беретін - көрермен. Жылдар бойы жан-жақты, сат-саты бойынша бір жүйе қалыптастырдық. Осыдан 10 немесе 15 жыл бұрынғы, тіпті 5 жыл бұрынғы жастар жоқ қазір. Жас буын жыл сайын басқа құндылықпен келеді. Мысал үшін өз бастамасымен жүретін, кез келген шаруаны ерте есебімен істейтін жастар азайып кетті. Өмірге бейімделіп, қаржы табуға кетіп барады. Заман солай. Ешкімді жазғыруға болмайды. Түсінгенім - «Жайдарманда» жыл сайын реформаны өзгертіп тұру керек. Біздің жұмыстың талабы осындай. Бұрынғыдай айлап дайындалатын жастар жоқ. Қазір әрі кетсе 5-10 күн дайындалады. Бұрынғыдай бір музыканы 5 күн іздемейді. Әлеуметтік желіге кіреді де, тауып алады. Монтаж жасай береді. Сондықтан, олармен де ілесіп отыру шарт. Мысалы, жастарды кітап оқымайды деп жазғырып жатады ғой. Бірақ менің өзім жас кезімде оқыған кейбір кітаптарды қайта парақтасам, ол туындының сол кезеңге ғана сай екенін түсінемін. Қазіргі заманға лайықты дүниелерді көп шығару керек. Құндылық басқа ауанға ауысып  барады. Десе де, қиыншылықтарға қарамай діттеген істі жасай беру жөн деп ойлаймын.

- КВН-нің өңір-өңірлердегі дамуына қалай баға бересіз?

- Қазір Қазақстанда өзінің жүйесі бар облыстар бар. Бір кездері дүрілдеп, қазіргі таңда бәсеңдеп қалған командалар да жоқ емес. Бәрі қаржыға тіреледі дегенімізбен, кез келген өңірдегі жастардың да талабы болуы керек. Біздің тараптан да қолдау болуы тиіс. Бәрі де бір-бірімен байланысып, астасып жатыр. Жалпы, Қазақстандағы КВН ойыншылары өз мақсаттарын бағындырып келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

- Сізге де рахмет!

Соңғы жаңалықтар