Ертең Павлодар қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде бокстан Қазақстан чемпионаты басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы бокстан Қазақстан чемпионаты Павлодар қаласында өткелі отыр. Қарашаның 27-не дейін жалғасатын ел біріншілігіне еліміздің барлық облыстарынан келген былғары қолғап шеберлері 10 салмақ  категориясы бойынша үздіктерді анықтайды.

Жарыстың іріктеу кезеңі 20-24 қараша аралығында өтсе, 26-27 қараша күндері жартылай финалдық және финалдық жекпе-жектер өтеді.

Осы орайда бірден айта кетейік, биылғы Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінген боксшылар Данияр Елеусінов (69 келі), Василий Левит (91 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Иван Дычко (+91 келі) ел біріншілігінен босатылған.

Алайда, ел чемпионаты Олимпиада жүлдегерлері қатыспаса да, тартысты әрі қызықты өтері даусыз. Себебі, осы біріншіліктен үздік үштікке іліккен боксшыларға ұлттық құраманың есігі айқара ашылады. Ал олар ел намысы сынға түсетін алдағы әлем чемпионаты мен Азия біріншіліктеріне, сондай-ақ, көптеген Халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Сондықтан, барлық боксшылар ел біріншілігінде аянып қалмасы анық.

Ертең жарыс Астана уақытымен 16:00-де басталады. Ал ашылу салтанаты кешкі сағат 18:00- болады. Чемпионатты  «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар