Эрнан Креспо: Қазақстан шақырса келер едім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы халықаралық көрме аясында өткізілген «EXPO 2017 Football Cup» турнирі мәресіне жетті. Әлемдік футбол жұлдыздары бас қосқан турнирге 2004 жылы ресми түрде әлемнің ең үздік 125 футболшысының қатарына енген атақты аргентиналық ойыншы Эрнан Креспо да келген. Кезінде «Парма», «Лацио», «Интер», «Милан» мен «Челси» сынды әлемдік танымал командаларда өнер көрсеткен әйгілі спортшы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Эрнан мырза, қош келдіңіз! Қазақстан футболы туралы не білесіз?

- Шынымды айтсам, Қазақстанның футболы туралы көп біле бермеймін. Сіздердің командаларыңыз (Астана - авт.) «Селтик» клубына қарсы ойын өткізетінін естідім.

- Қазақстан футболды дамыту бағытында қандай қадамдар жасауы керек?

- Команда туралы ештеңе білмей жатып, нақты кеңес айту өте қиын. Егер ойынын бақылай алсам, нақты айтар едім. Өткен тарихында жетістікке жетпеген, келешегі алда мемлекет үшін ортақ кеңес айтуға болады. Ең алдымен, даму үшін оқу керек. Футболдан жетістікке жеткізе алатындай, футболдың құдіретін сездіретіндей, футболдың бай мәдениетін жеткізе алатындай білікті мамандарды шақырған абзал. Әлбетте, еуропалық мамандарды тарту керек. Себебі бұл өте маңызды.

- Бутсаны шегеге ілгеннен кейін Сіздің жаттықтырушылыққа бет бұрғаныңызды білеміз. Қазір қайда жүрсіз?

- Қазіргі уақытта «Парма» футбол клубының вице-президентімін.

- Жас кезіңізден-ақ, «Парма» қатарында жасындай жарқылдағаныңызды білеміз. Италиядағы «ежелгі қарсыластар» Интер мен Милан үшін де доп тептіңіз. Соңғы аталған екі команданың қайсысына бүйрегіңіз бұрады?

- Жо-жоқ. Мен аргентиналық «Ривер Плейт» командасының жанкүйерімін.

- Ресей құрамасына қарсы өткізілген бүгінгі финалда көрінбедіңіз...

- Германиямен өткен матчтың соңғы минуттарында жарақат алып қалдым (деп күліп жарақат алып қалған сол аяғын көрсетті). Осы себепті алаңға шығу мүмкін болмады.

- Футболды дамытуда оқу процесі өте маңызды екенін атап өттіңіз. Жақсы ұсыныстар болса, Қазақстанның жас жеткіншектерін спортқа баулуға немесе олармен шеберлік сыныбын өткізуге тағы да келер ме едіңіз?

- Қазіргі уақытта «Парма» үшін барымды салып еңбектеніп жүрмін. Бірақ бұл жақсы ұсыныстар келіп жатса бармаймын деген сөз емес. Кез келген келісімге назар бұруға әзірмін. Егер жоба қызықты әрі айналысуға тұрарлық болса немесе оның артында үлкен идея тұратын болса, мұндай мазмұндағы ұсыныс мені қызықтырмай қоймайды. Өйткені футбол маған сыйлаған өмірлік бақытты, мен үйренген шеберлікті басқа біреуге беруге мүмкіндігім болып жатса, бұл мен үшін зор қуаныш болар еді. Әрине, бірақ бұның бәрі менің қолымда емес. Жобаны бастаушылар өздері шешер. Әлемді кезіп үйренгенмін. Мен үшін аса қиын проблема емес.

- Егер Қазақстаннан нақты әрі тиімді ұсыныс келіп түссе?..

- Неге келмеске!?

- Жас буыннан гөрі, жаңа ғана шеберлік сыныбынан өткен балалардың көбінесе әкелері Сізге көбірек ден қойып жатыр. Қазіргі таңда футбол жұлдыздарының ауысуы тым жылдам жүріп жатқанына қалай қарайсыз?

- Мен үшін ең бастысы - қолымнан келсе балаларға футболға деген шексіз адалдығымда бере білуімде. Бойымда футболға деген адалдығым бар.

- Қазіргі жас буын футболшылар арасында қай футболшыны стилі жағынан өзіңізге жақын ойыншы ретінде көре аласыз?

- Білесіз бе, мен бір талантты футболшы шыға қалса «о, мынаны қараңдар, бұл жаңа Марадона» деп шу ете түсетін елденмін. Бірақ мен мұндай теңеулерді ұната бермеймін. Өйткені сіз жаңа ғана футбол әлеміне қадам басып келе жатқаныңызда, сізге осындай лақап ат таңып қойғаннан кейін бұл өте зор жауапкершілік артып жібереді. Айналып келгенде мұндай теңеу футболшыны бұзады. Сондықтан мен ешкімді «жаңа Креспо» деп атағым келмейді. Мен барыммен мақтанамын. Өзімнің футболдағы жүріп өткеніме қуанамын.

- Бірақ мұндай сауал спорт тақырыбын жазатын тілшілердің «дәстүрлі сұрағына» айналып кеткен жоқ па?

- Мен спорттық тілшілерді түсінемін. Бұл сұрақ оларға ыңғайлы шығар. Алайда футболшылар үшін бұл өте ауыр. Көптеген ойыншылар осындай қысымдарға шыдамай өз-өздерін жоғалтып алған. Әрбір талапты ойыншы өз үлгісімен елді таңғалдыра білсін.

- Қазақстандық футбол жанкүйерлеріне не тілер едіңіз?

- Жылы қабылдаған үшін барлықтарыңызға рахмет! Қазақстанға тұңғыш рет жолым түсіп отыр. Астана қаласы өте көрікті шаһар екен. Өзім айтқанымдай, ұсыныстарға ашықпын. Мүмкіндік болса, қайта келуге тырысамын.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

ФОТО: forzaitalianfootball.com

Соңғы жаңалықтар