Ерлігі фильмге айналған Ербол Отарбаев: Ұлттық ұлан сарбаздары ешқашан кері шегінбейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада бүгін 19 жасында ерлік жасаған жауынгер Ербол Отарбаевтың өмірін арқау еткен фильмнің тұсаукесері өтті. «Алтыншы бекет» атты көркем фильмді «Хабар» агенттігі мен «АЮ СИНЕМА» киностудиясы бірлесе түсірген. Басты рөлді сомдау мүмкіндігіне актер Санұржан Сүлейменов ие болыпты. Ал біз осыдан 8 жыл бұрын бүкіл Қазақстан халқын тамсандырған қайсарлық иесі, Тәуелсіздіктің құрдасы, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Ербол Отарбаевпен тілдесуге мүмкіндік алдық.

Сұхбат алдында сол бір оқиғаны еске түсіре кетсек. Фильмнің сюжет желісіне Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген. Оқиға кезінде Ербол үш жазасын өтеушінің көзін жойған. Өзі ауыр жарақат алып, 6 ай бойы ауруханада жатқан. Осы ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен 3 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Бүгінде Ербол Ұлттық ұланның офицері.

- Ербол, сол оқиғадан бері 8 жыл өте шықты. Осы уақытқа дейін де мың рет сұраған болар. Десе де, сол бір оқиғаға өзіңіз бүгінгі көзбен қалай қарайсыз?

- Сол оқиға әлі күнге дейін есімде. Әлбетте, ондай жағдайды өмір бойы ұмыту мүмкін емес шығар. Мұндай күн басына туса Ұлттық ұланның ешбір сарбазы ешқашан артқа шегінбейді, шегінген де емес. Сол кезді бүгін есіме алып отырсам, бар ойым - сотталған азаматтарды тоқтату ғана болған екен. Ол менің - міндетім. Мен әскерге азаматтық борышымды өтеймін деп келдім. Сондықтан, мақсатым мен міндетімді айқын білдім. Мақсатым батыр атану емес еді, тек өзім міндетімді атқарып жүрген әскери бөлімді, ротаны, взводты, әке-шешемді, ауылымды жерге қаратқым келмеді. Аталарымның, бабаларымның аруақтары қолдады. Соның арқасында міне, сіздердің алдарыңызда аман-есен тұрмын дегім келеді. Шүкіршілік етемін. Бұл ең алдымен Алланың, содан кейін әке-шешемнің арқасы деген ойдамын.

Ол жерде маған әскерге келген кезімде іс-тәжірибе кезінде, оқиғаның алдында қандай іс-әрекеттерді атқаруды үйретпесе мен ондай қауіпке дайын болмас едім. Офицерлер мен командирлердің берген білігі мен білімін үйреніп, әскерде алты ай ғана болсам да жүктелген міндетті абыроймен атқарғаныма қуаныштымын.

- Түсірілім алаңында болдыңыз. Режиссер мен актерлерге қандай да бір ақыл-кеңес айтқан боларсыз?

- Әлбетте, түсірілім тобына бар ойымды білдірдім. Бұл фильм тек менің өмірім туралы ғана емес, Ұлттық ұланның сапындағы жауынгерлердің күнделікті атқарып жүрген міндеттерін көрсетеді. Өйткені, Ұлттық ұлан сарбаздары осындай қызметтерді күнде өткереміз. Кино тек мен туралы деген пікірді құптамаймын.

Қандай оқиға кездессе де, біздің қазақ халқы қайсарлық таныта білген ел. Тарихымыз куә. Бабалардың ерлігін білеміз. Мақтан тұтамыз. Аға буын Тәуелсіздікті алып бергендіктен, біз егемендіктің туын биікке көтеріп, көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

- Фильмде басты рөлді сомдаған Санұржан Сүлейменовпен достасып кеткен боларсыз.

- Санұржан Сүлейменов өте қарапайым жігіт. Қазір тура сол оқиға (2010 жыл) кезіндегі менің жасымда. Мен ол кезде 19-да едім. Әлбетте, екеуіміз қатты достасып кеттік. Сарбаздармен бірге казармада болды. Санұржан әскерилердің өмірін түйсіне білді деген сенімдемін. Барынша ақыл-кеңесімді айта білген секілдімін.

- Қазіргі таңда қай жерде әскери міндетіңізді атқарасыз?

- Бүгінгі күні Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығы болып қызмет атқарып жүрмін.

- Жалпы, 2010 жылы өткен сол бір оқиға әскери өмірді таңдауыңызға мұрындық болды ма?

- Тоғызыншы сыныптан бастап әскери болуды арман еттім. Әскерге келе сала көп тәжірибе керектігін түсіндім. Командирлердің айтқанын екі етпеуге тырыстым. 2011 жылы Петропавл қаласында орналасқан әскери оқу орнына оқуға түстім. 2015 жылы аяқтап, лейтенант атағын алдым.

- Үйде неше баласыздар?

- Үйде алты баламыз. Үш ұл, үш қыз. Мен кенжесімін.

- Өзіңіздің отбасыңыз бар ма?

- Үйленгенмін. 28 қаңтар күні ұлды атандым. Ұлымның атын Ұлттық ұланның бас қолбасшысының (Руслан Жақсылықов) құрметіне Руслан деп қойдым.

- Көптің назарынан қысылатын кезіңіз бола ма?

- Әлбетте, басында қысылғанымызбен, қазір үйреніп қалдық. Әке-шешеміздің бір ғана «ұят болады» деген сөзімен жетілген ауылдың баласымыз. Әулетіміздегі аталарымыздың төртеуі соғысқа кетіп, екеуі жарақатпен қайтып келіпті. Әкем де, інілері де әскерде болды. Әскерге бармауға ұятым жібермеді. Әскерге бармасам, олардың алдында ұятты болар едім.

Елдің алдына шыққан кезде ойымда бір сөз жүреді. Ауылдағы қарияларымыз «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» дейтін. Сол ұстаным санамнан шыққан емес.

- Өзіңіз туралы фильмнен не күтесіз?

- Фильм еліміздің жастарына патриоттық рух беріп, әскеріміз қандай жоғары дәрежеде екенін көрсете білер деген сенімдемін.

- Сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Соңғы жаңалықтар