Ерлан Сайыров: Үкімет енді Парламент алдында отставкаға кетеді
«Менің ойымша, бұл алға қарай басылған үлкен қадам. Бұл - нағыз саяси реформа. Енді Парламенттің өкілеттігі артады. Үкімет енді Парламенттің алдында отставкаға кетеді», - дейді саясаттанушы.
Ерлан Сайыровтың айтуынша, Үкімет мүшелерін, яғни министрлерді де енді Парламент тағайындайтын болады.
«Парламент министрлерді тағайындайды. Президент өзінің үндеуін бүкілхалықтық талқылауға салып отыр. Сондықтан, азаматтардың көбі бұл мәселені жан-жақты талқылап, бір түйінге келуі керек», - дейді Е.Сайыров.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.