Ерлан Саиров: Талай ғұламалардың деңгейіне жететін жастарды тәрбиелейтініміз анық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа тарихи циклға біздің жеткіншек ұрпақтың дайындығы - «100 жаңа оқулық» секілді нақты іс-шарадан басталуы керек. Әлеуметтанушы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров ҚазАқпарат тілшісіне осылай пікір білдірді.

«Білімнің, ғылымның қайнар бұлағы шығыста болған. Бүгінгі адамзаттың игілігін жасап жатқан ғылым бағыттары шығыс өркениетінен тарағанын біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінгі алгебра, медицина, астрономия, география, поэзия шығыстан тамыр ала отырып, бүкіл адамзаттың дамуына әсер етті. Осы заманда дүниежүзінің дамуы шығыстың дамуы болды. Біртіндеп, заман өте, батыстың күні оңынан туып, мәдениет, ғылым, руханият батысқа ауысты. Бірақ, батыс шығыстың адамзат дамуына қосқан үлесін елемейтін жағдайға жетті. Осыдан өркениет текетіресі, екі мәдениеттің дауы басталды», - дейді әлеуметтанушы.

Ерлан Саировтың айтуынша, батыс өркениеті ғылымды, технологияларды, ноу-хауды дамыта отырып, тізгінді әлі ұстап келеді. Сол мәдениетті, әлеуметтік технологияларды жаппай үйренудің бір ғана жолы - осы ғылымның біздің ұрпақтар үшін қолжетімді болуы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, дүниежүзі бойынша ғылыми жауһар болып табылатын еңбектер ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып, оқу орындарына жол тартты. Бұл қадам - бізден кейінгі ұрпаққа дүниежүзінің ғылыми теориясы мен практикасының бағытын біліп, зерттеп, бағдарлау үшін өте үлкен үлес. Дж. Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Грегори Мэнькюдің «Экономикс», Рикки Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтың «Құдайдың тарихы» кітаптары біздің жастарға ғана емес, өзіміз қызығып оқитын, дүниетанымымызды өзгертуге қабілетті туындылар болып табылады», - дейді ол.

Әлеуметтанушының ой-пайымына сәйкес, болашақ ұрпақ басқа елдердегі өз қатарластарынан қалыс қалмауы үшін осынау білім бұлағынан сусындаса, ұлтымыз талай ғұламалардың деңгейіне жететін жастарды тәрбиелейтіндігі анық.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «біз бала кезімізде осынау туындыларды білген де жоқпыз. Жас ұрпаққа бұл туындылар ұлт болашағына шамшырақ болатындығы анық» деді. Кезінде, Алаш ардақтыларына тағылған негізгі айып - «олар жапон шпиондары болған». Шындығында, алашшылдар біздің ұрпақтың жапон технологиясын игере отырып, заман биігіне шығуын армандаған. Енді, бізден кейінгі ұрпаққа әлем деңгейіндегі интеллектуалдық мектептердің білімін игеруге мүмкіндік туып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бірден-бір қорытындысы осынау тенденция болары анық», - дейді Ерлан Саиров.

Оның айтуныша, Қазақстандағы жас ұрпақтан өз заманының Фейербахы, Ницшесі, Махатма Гандиі, бизнес саласында Цукерберг, Джобс, Швабы шығып жатса, ұлтымыздың болашағы ақ-жарқын деуге барлық негіз бар.

«Жаңа тарихи циклға біздің жеткіншек ұрпақ дайын ба? Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде қазақ социумы өзін қалай сезінеді? Дайындық осындай нақты іс-шарадан басталуы керек», - дейді әлеуметтанушы.

Еске сала кетсек, кеше Астанадағы Назарбаев орталығында кеше «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өткен болатын. Жоба шеңберінде биыл тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылатын болады.

Соңғы жаңалықтар