Ерлан Күмісқалиев: Ерекше балаларды енді ат спортына дайындаймын

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ерлан Күмісқалиев бірнеше жылдан бері жүйке жүйесі зақымданған балаларды тегін емдеп келеді. Енді ол балаларды ат спорты ойындарынан өткізіліп жүрген халықаралық паралимпиадаларға дайындауды қолға алмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерлан Күмісқалиев Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана ұйымдастырған шара барысында осылай мәлім етті.

Қазір түрлі диагноз қойылған бұл сәбилердің өмірі қыл үстінде тұр. «Канистерапия» деп аталатын әдісті қолданған дәрігер емнің қыр-сырымен бөлісті.

Дүниеге кемтар болып келген баланың жүзінен күлкімен қуанышты көру үшін бәріне даяр болған жан оларды Мәскеудің «Солнечный пес» орталығынан үйренген әдіс-тәсілдері бойынша Канистерапия, яғни итпен емдеуді қолға алады. Онымен айналыспас бұрын Ерлан кәсіпкер болған екен. Қымбат көлік міну, әдемі киіну, керемет қалаларды аралау оның арманы емес. Ең бастысы, балалардың сауығып, ел қатарлы өмір сүруі оған қуаныш сыйлайды. Бақыттың не екенін Ерлан осылай түсінеді. «Емдеу әдісін алғашында туыстарымның мүмкіндігі шектеулі балаларына қолданып көрдім», - дейді Ерлан Күмісқалиев.

Ол тұрғындармен кездесу барысында, иттің қасында бала өзін анағұрлым жайлы сезінеді. Жеті қазынаның бірі саналатын үй жануары баланың психикалық даму проблемасынан құтылуына көмектеседі екен. Қоғамдық бірлестіктің жұмысы осыдан 5 жыл бұрын ашылған. Осы уақыт аралығында канистерапия әдісі арқылы әр түрлі сырқатқа шалдыққан жүздеген бала ем-домнан өткен.

«Алтын жүректі адам» ретінде танылған Ерлан Күмісқалиев «енді ерекше балаларды ат спорты ойындарынан өткізіліп жүрген халықаралық паралимпиадаларға дайындауды қолға алмақшымын», - дейді ол.

Айта кетелік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасына аты енгізілген Ерлан Күмісқалиев бірнеше жылдан бері жүйке жүйесі зақымданған балаларды тегін емдеп келеді.

Автор: Абай АҚМҰРЗИЕВ

Соңғы жаңалықтар