Ерлан Қошанов: Ұлытау «Рухани жаңғыру» аясындағы басты мегажобамызға айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сана жаңғырмай, қоғам жаңармай алға қойған мақсаттарды орындау мүмкін емес. Қарағанды облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай іске асып жатқанын айтып берейін. Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ауқымды бағыттардың бірі - «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» екенін білесіздер. Киелі жерлер туралы айтқанда көз алдымызға, әрине, Ұлытау келеді. Біз Ұлытауды - «Рухани жаңғыру» жобасының басты мегажобасы ретінде қарастырып отырмыз. Өңір халқы үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін Ұлытаудың маңызы ерекше», - дейді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, мегажоба аясында алдағы уақытта визит орталығын ашуды жоспарланған. Туристерге бір терезе арқылы осы визит орталығында қызмет көрсетіледі.

«Сол секілді Ұлытауда киіз үйлерден құралған (50 киіз үй) этноауыл ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, жыл сайын ірі халықаралық этнофетиваль өткіземіз. Бұл шетелдік туристер үшін тартымды болар деген сенімдеміз. Ұлытауды болашақта толыққанды туристік орталық болар деп сенеміз. Қарағанды облысының аумағында өзіңіз білетіндей, Жошы мен Алаша, Домбауыл кесенелері орналасқан. Ол кесенелерді ЮНЕСКО құндылықтары тізіміне енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Ерлан Қошанов сонымен бірге, Сарыарқа пирамидасы туралы айтып берді.

«Бұл 4 мың жылдан келе жатқан Биғазы Дәндібай кезеңіне жататын Қаражартас аумағында орналасқан. Оның ашылмаған, біз білмейтін тылсым сырлары көп. Археологтар жұмыс жасап жатыр. Осының негізінде тарихи археологиялық парк ашуды көздейміз. Мен таяуда ғана сол жақтағы археологтармен кездестім. Археологтардың айтуынша, Сарыарқа пирамидасы мен Қаражартас қорымы әлемдік сенсацияға жатуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Келер жылы жапондықтармен бірлесіп, Халықаралық симпозиум өткізу жоспарда бар», - деп түйді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар