Ерлан Қошанов өңірдегі шағын несиелеу бағдарламасы бойынша жұмыстарды сынға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің сайты хабарлайды.

Ерлан Қошанов аппараттық жиналыста қала және аудан әкімдеріне осы бағдарлама аясында жұмыссыздарды жұмылдыру белсенділігінің төмендігіне қатысты сөгіс айтты. 

«Шағын несие беру үшін қалаларда 2017 жылы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл бағыт облыс орталығын және 8 шағын қалаларды - Абай, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтпаев, Теміртау, Шахтинскіні қамтиды. Шағын несиенің максималды сомасы 18 млн теңге, сыйақы мөлшері жылына - 6%. Инвестициялық займ үшін несиелеу мерзімі - 5 жылды, айналым қаражатын ұлғайту үшін несиелеу - 3 жылды құрайды», - деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева. 
«Даму» қоры жұмыс істеп тұрған бизнеске несие сомасынан 50%-ға дейін және кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер үшін 85%-ға дейін кепілдік береді. 
«Сәуірде 273,6 млн. теңге бағдарламаның қаржылық операторы «Даму» қорына аударылды. Жылдық соманың 28% игерілді», - дейді Татьяна Аблаева. Ауылшаруашылық басқармасының мәлімдеуінше ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларға шағын несие беру үшін аймаққа 2017 жылы 3,5 млрд теңге бөлінген. 

Облыс әкімі сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты тарату және түсіндіру жұмыстарын да қатаң сынға алды. «Мен ауыл-аймақтарды аралаған кезде менен қандай бағдарламалар бар, олардың ставкалары қандай деп сұрап жатады. Ауыл адамдары бұл бағдарламалар туралы ештеңе білмейді. Меніңше, қала және аудан, елді мекендердің әкімдері өздері де ол туралы хабарсыз», - деген болжам айтты Ерлан Қошанов. 

Аппараттық жиналыста шағын несие беру қаражатын игеруге қатысты қауіп жайлы да әңгіме қозғалды. Шағын қалаларда бұл бағдарламаға қатысушыларды тарту жұмыстарын белсендірек ету мәселесі талқыланды. 
«Мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының да ең басты мақсаты - салаларды дамыту және жұмыссыздық мәселесін шешу болып табылады. Біздің облысымыз жыл сайын ауыз толтырып айтарлықтай көмек алады мемлекеттен, - деді аймақ басшысы. - Өткен жылы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына бюджеттік қаражаттан 21 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның арқасында жұмыссыздықтың төмендеуін бақылаудың орнына, оның 4,9%-дан 5%-ға өскенін көріп отырмыз». 

Облыс әкімі экономика және қаржы басқармасына бір апта көлемінде мемлкеттік қолдаудың тиімділігі жайлы толық ақпарат дайындауын тапсырды. Салық, өндіріс көлемі, жұмыс орындары бойынша қайтарым қандай екенін жан-жақты зерттеу керек. 
Аймақ басшысы мысал ретінде Бұқар Жырау ауданын келтірді. Онда 2016 жылы субсидияларға жұмсалған қаражат 2,6 млрд теңгені құраған, КазАгро арқылы 750 млн. теңге көлемінде несие берілген. Жалпы өнім көлемі небары 1,9%-ға ғана өскен, ал мал шаруашылығы өнімі төмендеп қалған. Нұра ауданында мемлекеттік қолдауға 2,6 млрд. теңге жұмсалағанымен 2016 жылы жұмыссыздық көрсеткіші 3,8%-дан 4,5%-ға өсіп кеткен. 

«Бұл мемлекет қаржысы, сондықтан әрбір тиын пайда алып келуі тиіс. Субсидиялар ауаға ұшып кетуіне, ал бизнестің баяу жылжуына жол берілмеу керек. Жұмыспен қамту мәселесі - әкімдердің жұмысын көрсететін басты көрсеткіш», - деді Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар