Ерлан Қарин: Ұлттық комиссияны Əділбек Жақсыбековтің басқаруы осы бағыттағы жұмыстың салмағын арттыра түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Саясаттанушы Ерлан Қарин ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның құрылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның пікірінше, комиссия құру туралы шешім дегеніміз Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы көтерілген бастамалар мен идеялардың нәтижелілігін көздеуді білдіреді.

«Бұрынғы қадамдар мен іс-әрекеттердің тәжірибесіне қарасақ, ұлттық комиссиялардың өте сирек құрылғанын байқаймыз. Олар әр нәрсе үшін құрылып жатқан жоқ, тек ауқымды пікірталасты, барлық мүдделі тараптардың: мемлекеттік органдар, қоғамдық құрылымдар және т.б. қатысуын талап ететін стратегиялық жоспардағы аса маңызды мәселелер бойынша құрылуда. Мысалы, Президент жыл сайын елдің даму басымдылығын анықтайтын үндеулер жариялауда. Жолдаудан кейін бізде комиссиялар құрылып жатқан жоқ. Үкімет оны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдайды. Мәселен, соңғы комиссия «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және саяси жаңғыру мәселелері төңірегінде құрылғаны баршаға белгілі», - деп бөлісті Е. Қарин.

Саясаттанушы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұндай шешімі мақалада талқыланатын мәселелер мен проблемалардың маңыздылығы мен мәртебесін көрсетеді деп есептейді.  Ұлттық комиссияға ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтің жетекшілік етуі кездейсоқтық емес, себебі бұл - аталмыш құрылымның саяси мәртебесінің биік екендігінің дәлелі. Әділбек Жақсыбеков - мықты әрі білікті саяси менеджер болып табылады. Бұрын ол саяси жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысына басшылық етті. Ерлан Қарин атап өткендей, бұл комиссия нәтижелі жұмыс жасады және жоғары баға алды.

«Яғни, оның деңгейі мен жүктелетін тапсырмалар аясы - саяси жаңғырту секілді болмақ (...) Комиссияның алдында көп еңбекті талап ететін жұмыс тұр. Билік қазір түбегейлі жаңа көкейтесті мәселелерді қалыптастырды. Меніңше, ұлттық комиссия жуық арада, мүмкін, келесі аптадан бастап өз жұмысын бастайды», - деді Ерлан Қарин.

Еске салайық, 19 сәуір күні ҚР Президенті ұлттық комиссия туралы Жарлыққа қол қойды . Оның құрамына әкімдер, министрлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, депутаттар, БАҚ жетекшілері, соның ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы ретінде Ерлан Қарин де кірді. 

Соңғы жаңалықтар