Ерлан Қарин: Қырғызстанда ендігі жағдай Жээнбеков - Исаков тандеміне байланысты өрбиді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық саясаттанушы Ерлан Қарин Қырғызстанда ендігі жағдайдың беталысы жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков пен елдің премьер-министрі Сапар Исаковтың қарым-қатынасына байланысты болатыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ерлан Қарин Қырғыз Республикасындағы сайлау туралы ойымен бөлісті. Оның айтуынша, сайлаудың өзі тыныш өтті, алайда сайлау алдындағы науқан шиеленіскен тәртіпте өрбіген.

«Сайлау төңірегіндегі жағдайды шиеленістіру қолдан жасалды. Бұған қоса жағдайды ушықтырған Президент Атамбаевтың өзі еді. Ол оқыс мәлімдемелер жасап, саясаткерлерді, әр түрлі партиялардың басшыларын, үміткерлерді айыптап, олардың соңына түсетінін айтып қорқытқан», - дейді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин сонымен қатар, Қырғызстан президенті жағдайды ушықтыру үшін мұның бәрін әдейі жасағанын айтады.

«Ол өзінің бұрынғы әріптестері және жақтастарымен жанжалдасып тынды. Кейбір адамдарға қатысты қамау, айыптау, қорқыту шараларын жүргізіп, сайлау алдындағы бәсті көтерді. Бұл жерде талас президент лауазымы үшін ғана жүргізілген жоқ, науқанға қатысушылардың қауіпсіздігі сарапқа салынды деуге болады. Сәйкесінше, оның мұрагері сайлаудан өтпей қалса немесе басқа жағымсыз сценарий орын алса, бұл жағдай Атамбаевтың өзіне  қарсы келуі мүмкін еді. Оның стратегиясы жүзеге аспай қалған жағдайда өзі де нысанаға айналуы ықтимал болатын. Ол саяси айла-амал жасауға мүмкіндігі аз болатын дәлізге өзін-өзі тықты. Ақыры, тығырыққа тірелгеннен кейін ол жағдайды одан әрі ушықтырып, қазақтарға қарсы негізсіз әңгімеге бет алып, бүкіл қырғыз элитасын сатқын деп айыптады, Қырғызстанның тәуелсіздігіне қауіп-қатер төніп тұр деген тақырыпты әдейі қозғады», - дейді саясаттанушы.

Сайлау өтті, Атамбаевтың мұрагері президент болды. Бірақ, Алмазбек Атамбаев бұл үшін қандай қадамға барды?

«Элитада бірлік жоқ, ол жақтағы қоғамда шиеленіс артып келеді. Қазақстанмен қарым-қатынас бұзылды. Ары қарай да әлі ештеңе анық емес болып тұрғаны тағы бар. Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланды. Бірақ, Қырғызстандағы саяси жүйе ерекше, онда алға шыққан бір саяси орталық күш жоқ. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, премьердің құзыреті артып, Парламент спикері маңызды тұлға ретінде танылды. Негізінен, Қырғызстандағы саяси ахуал тұрақтала қойған жоқ. Сондықтан, бұл саяси науқанның стратегиялық қорытындысы біркелкі емес», - дейді Ерлан Қарин.

Қариннің айтуынша, қазіргі саяси нәтижеге ел ішіндегі саяси ахуалды шиеленістіру, мемлекетаралық, атап айтқанда Қазақстанмен, қарым-қатынасты саясиландыру арқылы қол жеткізіліп отыр.

«Сондықтан, тығырыққа ұқсас жағдай сақталып тұр. Ол бірнеше себеппен, ең алдымен ішкі ахуалға қатысты күшейе бермек. Өйткені, сайлау қорытындысы бойынша қол жеткен нәтиже қырғыз элитасындағы мүдделер балансын қамтамасыз етеді дегенге сену қиын», - дейді саясаттанушы.

Оның пікіріне сәйкес, жаңа Президент пен Премьер-министрдің қарым-қатынасының беріктігі де сұраққа айналып тұр.

«Күні ертең Атамбаев, Жээнбековтің және жас басқарушылардың коалициясы өз ішінде тағы бөлінеді деп болжауға болады. Жуырда ғана келген Премьер мен жаңа Президенттің тандемі сәтті бола ма? Олардың одағы сайлау кезеңіне ғана келісілген. Ал қазіргі уақытта олар жаңа келісімге келуі тиіс. Атамбаев арбитр ретінде шықса болар еді, бірақ оның жақында жасаған мәлімдемесіне байланысты олардың өздері Атамбаевпен араны алшақтата түседі. Олардың пікірі бір жерден шықпай қалады. Бірінші жағында жас әрі амбициясы бар технократтар мен екінші жағында Қырғызстанның жаңа президенті, классикалық қырғыз саясаткері тұр. Бұған қоса Атамбаевтың өзі жаңа Президент пен жаңа басқарушылардың арасындағы қатынасты қиындатып жіберуі ықтимал», - дейді Ерлан Қарин.

Саясаттанушының пікірінше, Атамбаевтың мәлімдемесін тұтас қоғамның немесе элитаның пікірі деп қабылдауға болмайды.

«Біріншіден, Атамбаев мойындалған жалпыұлттық көшбасшы емес. Шынына келгенде, оның пікірі мен мәлімдемесі бүкіл қырғыз қоғамының ойын білдірмейді. Бұл тұрғыда көшбасшы саяси орталық күші жоқ, жас қырғыз демократиясына лайықты бағасын беру керек. Екіншіден, қырғыз қоғамының өз ішінде Атамбаевқа деген реніш пайда болды. Оны көп адам қазір эмоцияға беріліп кететін, жоғары саяси мүдде үшін күйіп-піспейтін демагог ретінде қабылдайды. Сондықтан, оған деген қарым-қатынас айтарлықтай бекем емес», - дейді ол.

Ерлан Қарин қырғыз қоғамының кейбір бөлігі үшін кімнің басшы болатыны тіпті қызықты болмағанын айтады.

«Өйткені, бәрі де сайлаудың тез өткенін, Атамбаевтың лауазымынан тезірек кеткенін тіледі. Сайлау науқанының ұзаққа созылуын қалаған жоқ», - дейді Ерлан Қарин.

Саясаттанушының пікіріне сай, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тырысады.

«Жалпы Қазақстан үшін Қырғызстандағы сайлаудың барлық нәтижелерінің мәні бірдей. Себебі, Астана шынында да, үміткерлердің біріне бәс қойып, оларға артық мүмкіншіліктер берген жоқ», - дейді Ерлан Қарин.

Дегенмен Астанаға қырғыз саяси жүйесінің қыр-сыры мәлім. Саясаттанушының айтуынша, бүгінгі таңда Премьер болып немесе жаңалықтардың ортасында жүріп, коалицияны басқарған адам ертең оппозицияға кетіп қалуы да мүмкін.

«Соңғы жылдары Астана бұл жүйені өте жақсы түсініп, зерттеді. Сондықтан, мұны біле отырып, Астана белгілі бір адамға басымдық бермес еді. Бұның не керегі бар? Айналып келгенде, Қырғызстандағы кел келген саяси қайраткер Қазақстанның жақтасы екені айқын. Саналы түрде байыпты адам Қазақстан мен өзге де көршілес елдермен қарым-қатынасты орнатудың маңызын жақсы біледі. Мәселе тек Қазақстанда ғана емес, өзге де көршілес елдермен қарым-қатынас орнатудағы прагматикалық жолда», - дейді саясаттанушы.

«Менің ойымша, Сооронбай Жээнбеков әлбетте,мұрагер немесе Алмазбек Атамбаевтың алдында қандай да міндеттемелері болса да, Қазақстанмен қарым-қатынасты жақсартуға күш салады. Кез келген жағдайда оның өзі де, оның ортасы да, барлық элита мемлекетті басқара отырып, елдің ішкі жағдайын, сауданы ретке келтіруді ойластырады. Осы себепті, Жээнбеков қарым-қатынасты түзеуді ойластырады. Бұл жұмыстың өзі жаңа Президент үшін дипломатиялық шеберлігін дәлелдейтін алғашқы емтихан болмақ», - дейді Ерлан Қарин.

Соңғы жаңалықтар