Ерлан Қарин: Елбасы мақаласы - ұлттың жаңа саяси платформасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы мақаласы қазірдің өзінде ұлттың ұйысуына әсер етіп отыр. Мақала жарияланғаннан бері жүргізілген мониторингті, әлеуметтік желілер мен кездесулерде айтылған пікірлерді сараптасақ, қоғамда ынтымақтасудың ерекше көрінісі орын алғанын байқаймыз.

Түрлі көзқарас пен саяси бағыттағы адамдармен кездескенімізде айтарлықтай пікір қайшылығы, антагонизм, үзілді-кесілді қарсылық болған жоқ.  Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қатысты«Егемен Қазақстан» республикалық басылымының тілшісіне берген сұхбатында «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Яғни ортақ мүдделер мен құндылықтар төңірегінде ұйысуға, бірліктің артуына игі әсер етті. Қазақ қоғамында да оңшыл, солшыл, ұлтшыл және басқа көзқарастағы топтар бар. Бірақ, көтерілген тақырыптар қоғамның осындай барлық белсенді топтарын қамтыды. Осы уақытқа дейін сарапшылар оған стратегиялық құжат, бағдарламалық мақала деп түрлі бағасын берді. Менің түсінігімде, бұл - ұлттың жаңа саяси платформасы»,-дейді басқарма төрағасы.

Оның пайымдауынша, Елбасы мақаласы қазақтың интеллектуалды топтарына үлкен серпіліс берді, қозғалыс пайда болды.

«Осы уақытқа дейін қазақ қоғамы ішкі мәселелер төңірегінде тежеліп тұрған сияқты еді. Әлемдік саяси, әлеуметтік, технологиялық үдерістер қарқынды түрде артқан тұста элиталық топтарымызға жаһандық үрдістер мен ұлттық мүдделерді тең есепке ала отырып, талдау жетіспей жатады. Осы тұрғыдан Елбасымыз қандай да бір құжат қабылдауда, бағдарлама жасауда әлемдік үдерістерді әрқашан естен шығармай жүзеге асыруға тырысатын бірден-бір тұлға. Әсіресе, соңғы жылдардағы әр Жолдауы айналада қалыптасқан түрлі геосаяси, экономикалық процестерді тізбектеумен басталады. Елімізде пайда болған үрдістерді мысалға келтіріп, белгілі бастамаларды көтереді»,-дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол сөзінде мақаланың Елбасының жаһандық, аймақтық түрлі процестерді, елдегі нақты үрдістерді және қордаланған ішкі мәселелерді сараптау нәтижесіндегі ойларының жиынтығы екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар