Ерлан Біләл алған ақшасын қайда жұмсағанын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алмалы аудандық сотында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының экс-директоры Ерлан Біләлдің ісі бойынша сот талқылауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот барысында Ерлан Біләлдің қорғаушысы істі журналистердің қатысуынсыз талқылауға өтініш білдірді.

Судья тараптарды тыңдай келе журналистерге бейнекамера мен суретке түсіруге тыйым салды.

Бірақ, БАҚ өкілдері сот отырысына қатысып, аудиожазба жүргізе алады.

Сот отырысында белгілі актерлар Болат Әбділманов, Асанәлі Әшімовтер болды.

Іс материалдарына сәйкес, Ерлан Біләл «Сезам» қайырымдылық шығармашылық қорының басшысы Қайрат Баяновтан 1,5 млн теңге көлемінде пара алмақ болған.

Бұл қаржыға театр ғимаратында балаларға арналған қойылым өтуі тиіс болатын.

«Күдікті тергеу кезінде өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі іс материалдарымен дәлелденді», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Бүгін Ерлан Біләл өзінің әрекетіне қатысты түсініктеме берді.

«Сыйақы туралы келістік, 2 қаңтарда кездестік. Ол маған 600 мың теңге, 4 қаңтарда 900 мың теңге берді. Сол кезде мен ұсталдым. Өз кінәмді толық мойындаймын. Бас кезінде Баянов маған өзі келіп сөйлесіп жүретін. Бізде жылда балаларға арналған қойылымдар, шыршалар өтеді. Ол өзі маған алғыс білдіру үшін келді. 600 мыңды қайда жібергенім есімде жоқ. Қарыздарымды тараттым. Маған ешкім қысым жасаған жоқ, мен кінәмді өз еркіммен мойындап отырмын», - деді Ерлан Біләл.

«Сезам» қайырымдылық шығармашылық қорының басшысы Қайрат Баянов сотта куәгер ретінде жауап береді.

Айта кету керек, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының экс-директоры Ерлан Біләл театр ғимаратында 900 мың теңгемен ұсталған болатын.

Алматы қаласының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің хабарлауынша, күдікті кінәсін мойнына алғандықтан, кепілмен босатылған болатын.

Кейінірек сот санкциясы негізінде күдікті 1 млн 205 мың теңге көлемінде кепіл сомасын төледі.

Ерлан Біләлге ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлімі, 24-бабының 3-бөлімі бойынша айып тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар