Ерлан Біләл 1 миллионнан асатын теңге көлемінде кепілдеме төледі
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қаңтарда №2 Медеу аудандық тергеу соты «Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМК директоры Ерлан Біләлді кепілмен босату түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Күдіктіні кепілмен босату Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы бойынша департаментінің арызына сай қабылданды.
Сотқа дейінгі тергеу ісі материалдарына сәйкес, Е.Біләл «Сезам» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысынан 23 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында театр қойылымдарын бірігіп өткізу туралы келісімшарт жасау үшін 900 мың теңге көлемінде пара алған.
Айта кету керек, белгілі актер, театр қайраткері Ерлан Біләл театр ғимаратында заңды тұлғадан 1 млн теңге жуық көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын.
Кейін Қазақстан Театр қауымдастығы, актерлер, белгілі өнер қайраткерлері Ерланды арашалап алмақ болды.