Ердос Ахмадиев: Сочиде ту алып шыққанда қатты қобалжығанмын, бұл жолы өзгеше сезімде болдым

None
None
  САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарында қазақстандық шаңғышы, Азиада ойындарында Қазақстан туын көтеріп шыққан Ердос Ахмадиев 10 шақырымдық классикалық жарыста бағын сынады. Алайда жүлдеге қол жеткізе алмады. Біз жарыстан кейін Ахмадиевпен арнайы жолығып, шағын сұхбат алған едік.

- Азиада ойындары басталғалы бірнеше күн өтті. Бізді қашан жүлде алып қуантасыз?

- Ол күндер де алыс емес деп ойлаймын. Мен алмасам да қасымдағы бірге жүрген әріптесім Ринат Мухин қазақ қоржынына алғашқы алтынды алып берді. Негізі біз бір-бірімізге жарыс барысында қатты көмектесеміз. Әсіресе, командалық жарыста біріміз екіншімізді алға шығаруға қолайлы  мүмкіндіктерді қарастырамыз. Шорт-тректе алдыңда бір кәріс не жапон спортшысы келе жатса, ол әдейі жығылып, сенің жолыңды бөгейді де, артындағы командаластарын алдыға шығаруға жол жасайды. Біз олай қасақана жығылмасақ та, жанымыздағы әріптестерімізді алдыға оздыруға көмектесетін кездеріміз болады.

- Алда әлі 30 шақырымдық жарыстар бар. Мүмкін медаль үшін күресетін боларсыз?

- Әрине, командалық жарыста алтын аламыз деген ойдамыз. Себебі, жекелей сындарда екі мықты жапондық бар. Олар бізге жол берер емес. Эстефеталық жарыста біздің командамыз мықты шығатынына сенімдімін. Бірақ, біздің әр күніміз жоспарлы түрде бекітіліп қойған. Біз 26 күні ұшаққа отыруымыз керек. Жоспар солай. Егер жарыс кестесі мен ұшу уақытымыз сәйкес келмесе, жарысқа қатыспаймыз. Жабылу салтанатынан бұрын кетеміз.

- Саппородан кете салып басқа жарыстарға аттанатын болдыңыздар ғой...

- Иә, барлығын бапкерлеріміз алдын ала жоспарлап, шешіп қойған. Біз шәкірт болғасын бапкерлеріміз не дейді, соны орындауымыз керек.

- Сочи Олимпиадасында алғаш рет Қазақстан туын алып шықтың. Міне, Саппорода да Туымызды саған сеніп тапсырды. Қандай сезімде болдың?

-  Әрине, еліңнің байрағын ұстап, топ бастап шығу - үлкен бақыт. Шынымды айтсам, Сочиде Ту алып шығасың дегенде таң қалғам. Қатты қобалжығаным да рас. Ол жаңалық мен үшін күтпеген жайт болған. Тіпті,  алғашында бапкерім «Туды сен ұстап шығуың мүмкін» деді. Сол кезде үміткерлердің қатарына қосылғанымның өзіне қатты қуанып едім. Ал бұл жолы өзгеше сезімде болдым.  Осындай мүмкіндік беріп, маған сенім білдіргендері үшін Елбасына, отандық спорт басшыларына алғысым шексіз. Енді, Саппорода ел қоржынына бір медаль сыйласам болғаны.

Әңгімеңізге рахмет! Жеңісті күндер көп болсын...

фото:Ізтұрған Алдауев  

Соңғы жаңалықтар