Ерден Қажыбек: Әліпби ауыстыру - әріп ауыстыру емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Латынға көшу арқылы тіліміздің өзіндік ерекшелігіне сүйенген әліпбиіміз жасалады. Мұндай пікірді бүгін Ақордада өтіп жатқан Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссияның екінші отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлығымыз ақылдаса отырып, ортақ бірыңғай латын әліпбиін дайындаудамыз. Жылдың соңына дейін бекітеміз. Келесі жылдан бастап асықпай тиянақты түрде іске асыруға кірісіміз. 2025 жылға дейін осынау үлкен маңызды үрдісті аяқтауға тиіспіз», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне қатысты тілші мамандар арасындағы келіспеушілік өте аз десек болады.

«Бірақ, әліпби елді елең еткізерлік мәселе болғаннан кейін кез келген сауатты адамның өзіндік ұсынысы бар. Жалпы, бұл реттегі ең басты ұстаным - ішкі мәселеміз, қазақ халқының таңдауы. Тілдің өзіне икемделген әліпбиі болады. Кейбіреулер әліпби ауыстыру әріп - ауыстыру деп ойлайды. Олай емес, бұл тек қана 1-2 пайызы ғана, оңай мәселе. Ең бастысы тіліміздің бүкіл заңдылықтарын өзінің табиғатына сай жасап шығаруымыз керек», - деді Ерден Қажыбек.

Институт директорының сөзіне қарағанда, бүгінгі күні латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобына ұсыныстар өте көп түсуде.

«Олардың барлығын сараптайтын жұмыс тобы жасақталған. Топқа тілші мамандар, ағылшын, кирилл, компьютер тілінің мамандары кірді. Тілімізде 26-28 дыбыс бар. Сол дыбыстарға сәйкес әріптер таңдалады және бұл әріп таңдау мәселесінде ең бастысы өзіміздің рухани жаңғыруымызға негізгі тірегі тіліміз болуы керек. Осы тұрғыдан қарастырылады. Әрине, жаһандану, қазіргі даму, инновация процестеріне ілесу үшін және мемлекеттік тілімізді жан-жақты мемлекеттік әрі қоғамдық салаларда дамыту үшін бұл ауадай қажет іс», - деді ол.

Ерден Қажыбектің айтуынша, жалпы әліпбиде тілдегі дыбыстар санынан әріптер саны сәл аз болады.

«Мысалы бізде қазір 28 дыбыс болса, әріп саны 42. Ал негізінде 28 болуы керек. Кезінде латын әліпбиіне көшкенімізде 28-29 әріп болды. А.Байтұрсыновтың төте жазуында да 28-29 әріп болған еді. Бізде де ықшамдалған, тіліміздің өзіндік ерекшелігіне сүйенген әліпбиіміз болады», - деді институт басшысы.

Соңғы жаңалықтар