Ербол Тілешов: Алаш әскерінің рухын жаңғыртуымыз керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов Алаш әскері туралы Берік Әбдіғалидің кітабында ел білмейтін жүздеген адамдардың аты-жөні кездесетінін айтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Алаш әскері туралы кітапты бір жарым айдың ішінде 10 рет оқыған шығармын. Себебі, Алаш қозғалысына қатысқан адамдардың әрқайсысының тегін білемін. Бұл туындының ішінен әскери құрылым мен әскерге демеушілік жасаған кісілер туралы оқыдым. Осы кітапты жүйе-жүйемен оқудың маңызы зор. Себебі, туындыда тарихи материалдар өте көп. Роман емес, тарихи кітап болғаннан кейін қабылдау өте қиын. Туындының ішінде 11000 фамилия кездеседі. Соның ішінде Алашты зерттеп жүрген менің өзіме таныс емес 700 фамилияны таптым. Оның ішіндегі жүздікке дейін, мәселен атты полктің төртінші жүздігінің сарбазы дегенге дейін мәлімет берілген», - дейді ғалым.

Ербол Тілешовтың айтуынша, Берік Әбдіғалидің өзі жазғандай, Алаш әскерлерінің ең көп айқасы Тарбағатай, Аягөз, Үржар, Жетісудан Қапалға дейінгі өңірлерде болған. Айқастарға екі жарым мыңдай адам қатысқан.

«Уақыт өте келе соғыстың ошағы Қазақ жерінің оңтүстігі мен шығысына ойысты. Бұрынғы жер-су аттары соған куә. Гавриловка, Антоновка секілді атаулар соның куәсі. Біз бала кезімізде Черкаский жеріне барып, оны бір керемет мақтан көргенбіз. Кеңес үкіметінің көрсеткісі келетін музейлерінің бірі Черкаский қорғанысы болатын. Ол жерге зеңбірегін қойып қоятын. Сонда ол кіммен соғысқанын бүгінгі заманда ғана біліп отырмыз»,- дейді ол.

Ербол Тілешов өз сөзінде кітаптың басты ерекшелігі - сол кездегі айқастарға кімнің қатысқаны туралы нақты деректердің бары екенін атап өтті.

«Автор көп ізденген. Осы уақытқа дейін Кенесарының көтерілісі кезінде соғысқан сарбаздардың тізімі бізде жоқ. Оның ар жағындағы хандардың соғысында кімдердің қатысқаны туралы деректер де жоқтың қасы. Тарихтың шешімі солай. Біз Алаш кезеңінен бастап жазба деректерді жинай бастадық. Оны бір азамат шығып, мәліметтерді бізге табыстауы керек еді. Ондай азамат ортамыздан шығып отыр», - деген ғалым кітаптың авторы Берік Әбдіғалиға сәттілік тіледі.

Ғалым осы ретте бір мәселеге назар аударуды ұмыт қалдырмады.

«Біз осы деректерді пайдалана білуіміз керек. Біз әр облыс түгілі, ауылға дейін Ұлы Отан соғысының құрбандарына ескерткіш қойдық. Олардың тегін тақтаға жаздық, мәңгі алауын жақтық. Ол дұрыс. Ол да біздің тарихымыз. Енді Алаштың да азаматтарының аттары солай жазылуы керек», - дейді Ербол Тілешов.

Айта кетсек, бүгін Астанадағы Ұлттық ғылыми-академиялық кітапханада тарихшы Берік Әбдіғали «Алаш әскері: Тарихтан тағылым» тақырыбында дәріс оқыды. Шараға белгілі профессорлармен бірге, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Берік Әбдіғали шара кезінде «Алашорданың әскери құрылымы» атты туындысын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар