ЕО мен ҚР қарым-қатынасы дәл мұндай берік болған емес - Люк Девинь

None
None
БРЮССЕЛЬ. Ақпарат - Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры Люк Девинь ЕО мен Қазақстанның қарым-қатынас деңгейіне баға берді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылдың 2 ақпанында орнады.

«Бұл жылдары Қазақстан даму тұрғысынан ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. ЕО және Қазақстан арасындағы мұндай тығыз қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған», - деді еуропалық дипломат.

Оның айтуынша, Еуропалық одақ Қазақстанның халықаралық алаңдағы белсенді рөлін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуын қуаттайды. Спикер ядролық қаруды таратпау режімін күшейту және жаһандық тұрақтылық ісіндегі Қазақстанның айрықша рөлін атап өтті.

«Біз Қазақстанның өңірдегі және бейбітшілікпен қамтамасыз етудегі жаһандық рөлін жоғары бағалаймыз. ЕО Қазақстанның алғашқы сауда серіктесі, алғашқы инвесторы болғанын мақтан тұтады. Бұл біздің Қазақстанның болашағына сенім артатынымызды білдіреді», - деді Люк Девинь.

Спикер ҚР мен ЕО қарым-қатынастарының жаңа парағын ашқан, 2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада қол қойылған Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге баса назар аударды.

«Екі жыл бұрын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанымызға қуаныштымын, бұл келісім ынтымақтастық аясын кеңейтіп, көптеген салаларда қарым-қатынасымызды тереңдете түсті», - деп атап өтті ол.

Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім экономика мен сауда, терроризм мен жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-әрекет, климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржыны басқару және салық салу секілді ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды.
Одан бөлек, бұл құжатта ҚР мен ЕО азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы келісімшартты реадмиссия туралы келісіммен бір мезгілде жасау мүмкіндігі туралы уағдаластық бекітілген.

«Өткен жылы Қазақстанның ЕО азаматтары үшін визалық талаптарды алып тастағаны үшін алғыс білдіреміз. Бұл ашықтықтың белгісі және бұл қадам Қазақстанға да пайдасын тигізеді. Себебі, ЕО - Қазақстанның ірі сауда серіктесі және инвесторы», - деді Девинь.

Соңғы жаңалықтар