Энергетика министрлігі диқандарға жеңілдетілген отын уақытылы жеткізілетінін айтты

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат  - Энергетика министрлігі диқандарға дизельдің дер уақытында жеткізілуін жіті қадағалауда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығының көктемгі қажеттілігі 370 мың  тонна  көлемінде қарастырылып отыр. Оның ішінде, Атырау мұнай өңдеу зауыты - 92,3 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауыты - 195,6 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты - 87,1 мың тонна. Біз қазір кесте қабылдап, оны орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ресурс иеленушілерге жібердік. Қазіргі жағдай бойынша наурыздағы жоспардың орындалуы 49 пайыз болып отыр немесе шамамен 56 мың тонна  көлеміндегі дизель ауыл шаруашылығы үшін тиелді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша,  2018 жылдың наурызында көктемгі егіс  жұмыстарын жүргізу үшін дизельге министрлікпен ұсынылатын баға  1 тоннасына 156 мың теңгені немесе литріне 130 теңгені құрайды. Ал ішкі нарықта орташа көтерме баға 1 тоннасына 170 мың теңге болып отыр.

«Осылайша көктемгі егіс жұмыстарына  дизельдің бағасы орташа нарықтық бағамен салыстырғанда тоннасына 14 мың теңгеге төмен.  Осы ретте ескеретін бір жайт бар. Ауыл шаруашылығына арналған дизельдің арзандатылған  бағасын заңды түрде бекіту Энергетика министрлігінің құзыретіне кірмейді. Көктемгі егіс жұмыстарының маңызын ескере отырып, ауыл шаруашылықтарына дизельдің дер уақытында  жеткізілуіне әдеттегідей басымдық беріп отырмыз. Бұл мәселе министрліктің жіті қадағалауында. Осылайша көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізу үшін жан-жақты  шаралар қабылданғанын жеткізгім келеді»,-  деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев «Petroprox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизель отынын жеткізбеу мәселесін министрлік білетіндігін атап өтті.

«Бұл мәселе туралы біз білеміз. Ол мәселе айдың аяғына дейін өз шешімін табады», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар