Еңбек жолы ел Тәуелсіздігімен өрілген ұлағатты ұстаздар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздікпен құрдас жандар туралы естіп, біліп жүрсек, еңбек жолы азат елмен бірге өрілген, өз мамандығының «отымен кіріп, күлімен шыққан» жандар туралы сөз қозғау Қазақстанның жаңа тарихын жазушылардың міндеті десек, артық айтқан болмас. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бүгін еңбек өтіліне 25 жыл, от басын құрғанына 25 жыл толып отырған ұлағатты ұстаздардың берекелі шаңырағы туралы қызықты өмірдерек сұхбатты оқырман назарына ұсынбақ.

семья
Біздің кейіпкерлеріміз: 1991 жылы ҚазПИ-ді бітіріп, мектепке жас маман ретінде қабылданған, содан табан аудармай қызмет етіп келе жатқандарына биыл 25 жыл толып отырған Черекбаев Оралбек Оралқанұлы мен оның зайыбы, ұстаз Еңсебаева Сәуле Құсайынқызы. Біз аталған отбасында қонақ болып, дастархан басында әңгімелесе отырып, Тәуелсіздікпен бірге өрілген еңбек жолы, мұғалімдердің қарапайым өмірі туралы білдік.

- Оралбек аға, Сәуле апай, әңгімені алыстан, сонау, еліміз Тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан 1991 жылдан бастасақ... Бұл кезең есте несімен қалды?

Сәуле Құсайынқызы: - Жолдасым Оралбек Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсаннан, өзім ШҚО-ның Үржар ауданынанмын. Екеуіміз де көп балалы отбасынан шықтық. Оралбек бес баланың үлкені болса, мен 9 баланың 8-шісімін. Әкем 90 жаста. Барлығымызды оқытты, қазір Қазақстанның әр түкпіріндеміз. Оралбек екеуіміз ҚазПИ-де танысып, 1991 жылы шаңырақ көтердік. Тұңғышымыз да биыл 25 жасқа толып отыр, ол 1991 жылы 31 желтоқсанда дүниеге келді. 

Бүгінде жұрт кейде анау жоқ, мынау жоқ, дағдарыс деген секілді әңгіме айтып жатады ғой. Бірақ, 1991 жылмен салыстырғанда жағдайымыз да, ахуалымыз да көш ілгері деп айтуға әбден болады. Мен жас маман ретінде алғаш, №62-ші (қазіргі № 167) қазақ мектебінің табалдырығын аттағанда қазақ мектебіндегі балалардың барлығы орысша сөйлетін еді. Сонда мен «орыс мектебіне келген шығармын» деп ойлағам. Қазір, үзіліс кезінде балаларды қараңызшы, барлығы қазақша сөйлейді. Осы Егемендіктің арқасы емес пе... Әрине, ол кезді білетін адамдар таршылық уақытты бірінші еске алады ғой. Қантты, өзге де азық-түліктерді талонмен алатын едік...

Оралбек Оралқанұлы: - Иә, Сәуленің жүкті кезі. Бір күні алуа (халва) жегім келеді деді. Алматыны кезіп шықтым, бірде бір дүкенде жоқ. Бір күні үйге келсем, көшеде бір кісіні көріп тұр екен, алуа алып бара жатқан. Әлгі кісіні қуып жетіп, сұрап едім, алған дүкенге сілтеді. Іле-шала барсам, онда бітіп қалыпты. Жағдайымды айтып, қанша жалынып-жалпайғанымен дүкенші жоқ екенін айтып, бос қораптарды көрсетіп, сендірді. Міне, осындай уақыт болған еді.  

-90-шы жылдары айлап жалақы берілмейтін кездер болғаны белгілі. Сонда ұстаз, мұғалімдердің көбі мектепті тастап, саудаға шығып кетті. Сіздерде ондай ой болған жоқ па? 

Сәуле Құсайынқызы: - Жолдасыма айтамын: «саудамен айналысқандарды қарашы», жақсы тұрып жатыр» деп. «Кетейік, сауда қылайық» деймін.

Оралбек Оралқанұлы: - 25 мамыр, соңғы қоңырау соғылғанда «Болды! Мектептен кетеміз» деп шешеміз де, 1 қыркүйекте қалай мектепке барып алғанымызды өзіміз білмей қаламыз. 27 тамыздан бастап, елеңдей бастаймыз. Жалпы, саудаға шығып көрген кезіміз болды. Қарбыз да саттық, ол бізге жақпады.

Алдымыздан өткен оқушыларымыздың көптігі сондай әр жерде кездесіп қалады. Көшеде көрсе, көлігімен тегін жеткізіп салып жатады. Осы үйді (2007 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық несиеге алған 1 бөлмелі үй - редактор) ипотекаға алатын кезде, дереу банкке шақырды. Мектептен сұранып барсам, мавзолейге өшіретке тұрғандай кезекке тұрғандар санында қисап жоқ. Сыртына дейін тұр. Айтулары бойынша кезек тізімі түнде жасалып, ала таңнан келеді екен. «Енді қайттім, жұмыстан қалатын болдым» деп тұр едім. Алдымнан біреу: Ассалаумағалейкүм, аға, - дейді. Сөйтсем, бұрынғы оқушым. Жағдайымды айттым.  Ой, ағай мен осында жұмыс жасаймын, қазір көмектесіп жіберейін, іштен фамилияңызды айтып, шақырамыз, - демесі бар ма. Қуанып кеттім, осылай әр кезде алдымыздан шығып, қол ұшын созып отырады.

Сәуле Құсайынқызы: 25 жылда жолдасым екеуіміз жұмыста бірде бір сөгіс алып көргеніміз жоқ. Оралбектің 11 сыныпқа сынып жетекшісі болған кездерінде мектепте қонып балаларды дайындаған кездері болды.

Оралбек Оралқанұлы: Оқушыларды дайындап, түн ортасында үйлеріне таратып, таңда келіп жатып жүрген уақыттар болды. Сонда үміт еткен оқушыларың оқуға түсіп, студент болып келгенде өз балаңа қуанғандай қуанасың. Мен жалпы балаларды бөліп-жармай, алаламай бірдей қарағанды ұнатамын.    

-25 жылда өзге мамандықты таңдап, қызмет сатысымен жоғарылауға мүмкіндіктер болмады ма?  

Оралбек Оралқанұлы: - Институт бітірген соң бізбен бірге оқығандардың ешқайсысы мектепке мұғалімдікке барған жоқ. Мектеп директорлығына ұсынған, өзім оқыған институтқа ұстаздыққа шақырған кездер болды. Мектеп директорлығынан ары қарай мансабы жоғарылағандарды да білемін. Ондай мүмкіндіктер болды. Сондай бір ұсыныс жасалғанда мен: «Қызмет деген - адамды сынайтын іс. Бастық екенмін деп біркүні жазықсыз біреуді жұмыстан шығарып жіберіп, оның бала-шағасының обалына қалғым келмейді. Қиянаттан аулақ, осы мұғалімдігімді атқарып жүре берейін, осы күніме ризамын» деп жауап беріп, бас тарттым.

Сәуле Құсайынқызы: Біз «алдында жүрме көз тиеді, соңында қалма сөз тиеді» деген ұстаныммен қоңыртөбел тіршілік кешкенді ұнатамыз. 90-шы жылдары 18 сағаттық ставкамен жалақы алып, 52 сағаттық жүктемемен жүрген кезіміз болды. Мұғалімдер жұмыстан шығып кетіп жатты. Балаларды тыныштандырып отыршы, мұғалім жұмыстан шығып кетті деген кездерді қалай ұмытасың... Бұл күнде соның бәрі - тарих. 1993 жылы мектеп мұғалімі ретінде жатақхана берді. Сол жатақханадағы аядай бөлмеде, ағайын-туыс та келіп жатты, қанша ағайынның балалары үйімізде студент болды. Осы үйге қолымыз жеткенде де тәубе дедік.

-Сөз соңында, 25 жылғы еңбектен түйгендеріңізді айтып берсеңіздер...

Сәуле Құсайынқызы: Кейде мынадай сұрақ қойып жатады ғой: «өміріңе өкінбейсің бе, өмірге қайта келсең, осы мамандықты таңдар ма едің?» деген секілді. Иә, мен өмірге келгеніме, соның ішінде мұғалім болғаныма, Тәуелсіз Қазақстанда еңбек еткеніме еш өкінбеймін. Керісінше, мақтанамын. Бір бөлмелі болса да, отанымыз жас маман ретінде жатақхана берсе, бүгінде жеке пәтерге қолымыз жетіп отыр. Аз болса да жалақы алып отырдық. Осылай бұл күнге де жеттік. Ендігі арманымыз - Отанымыз тыныш болып, еңбегіміз жанса дейміз. 

-Уақыт бөліп, әңгімелескендеріңізге рахмет. 

null null  

Соңғы жаңалықтар