«Еңбек» РМК миллиардтаған ақшаны жымқырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы «Еңбек» РМК-ның бюджеттің қыруар қаражатын жымқырғанын анықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, аталған кәсіпорынның негізгі міндеті - сотталғандарды жұмыспен қамту. Алайда, шын мәнінде, ол делдалдық қызметті атқарып келді. «Жеке бизнес пен соттталғандардың бірігуі нәтижесінде түрмелерде еңбекпен қамту деңгейі үш жылдың ішінде 49 проценттен 78 процентке жетті. Колонияларда 277 бизнесмен өз кәсібін ашты. 57 сотталған жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Олар жұмысқа 325 басқа сотталғандарды алды. Өз кезегінде сотталғандарды жұмыспен қамтуға және колонияларда тіршілікті қамтамасыз ету үшін құрылған «Еңбек» мамандандырылған мекемесі басқа мәселелермен айналысып келген», - деді О.Лоскутова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, қызмет бабын асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру сияқты заң бұзушылықтардың салдарынан мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келді. «Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заңның қабылдануы «Еңбек» кәсіпорындарына бюджет қаражатын белсенді түрде игеруге мүмкіндік берді. Сол кезден бастап қылмыстық атқару жүйесіне кірмейтін мемлекеттік органдар тапсырысты орындау үшін 68,3 млрд теңге алған. Кәсіпорынның мәліметі бойынша қосалқы мердігерге сол ақшаның 25,4 млрд теңгесі берілген. Қалған қаржы өз күшімен игерілген деседі. Алайда іс жүзінде сотталушылардың еңбегі пайдаланылмаған, керісінше, экономикалық көрсеткіштер артқанымен сотталғандарды еңбекпен қамту көрсеткішінің азаюы байқалады. Кәсіпорын тауарлар мен материалдарды қолдану кезінде өзінің негізгі қызметінен ауытқып, тек делдалдық еткен. Сотталғандың еңбегін пайдалану арқылы дайын өнімді шығару үшін қажетті өндірістік құрал-жабдықтар бар. Алайда кәсіпорын 503 млн теңгеге дайын және жартылай дайын өнімдерді сатып алған», - деп атап көрсетті О.Лоскутова.
Прокурорлық тексерістер кезінде «Еңбек» РМК-ның қылмыстық атқару жүйесінен тыс мемлекетік сатып алуларға шартты түрде қатысқаны да анықталды. Олар бюджет қаражатын бөлу мақсатында бәсекелестік рәсімдерінен айналып отырған. Ресми мәліметке сәйкес, бұған дейін «Еңбек» РМК-ның бес бірдей филиал басшысы сотталған болатын. Биыл «Еңбек-Көкшетау» мен «Еңбек-Қостанай» басшылары пара алғаны үшін ұсталды. Ал «Еңбек-Семей» филиалын банкротқа дейін жеткізген.
«Еңбек» кәсіпорындары өзара есеп айырысу кезінде бір күндік фирмаларды пайдаланып, олар арқылы 3 млрд теңгеден астам ақшаны көлеңкелі айналымға шығарған. Тендер қуған республикалық кәсіпорын мен филиал басшылары соңғы екі жылда жұмыстың рұқсат етілген шекті көлемін 22,7 млрд теңгеден асырып жіберді. Орал қаласындағы тергеу изоляторының құрылысы барысында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды. Құрылыс материалдары мен құрылғыларды ауыстыру және олардың бағасын жоғарылату арқылы игерілген 4,5 млрд теңгенің 577 млн-ы қолды болған. Алматы облысы Заречный ауылындағы түзеу колониясын қайта жөндеу кезінде 120 млн теңге жұмсалуы тиіс еді. Бірақ орындалмаған жұмыс қабылданды. Жалпы, аталған нысан бойынша материалдар мен орындалған жұмыстардың құны 568 млн теңгеге жоғарылатылған. Астана қаласы және Ақмола облысындағы күзет мекемелерінде күрделі құрылыстарды жүргізу барысында бюджеттің 210,5 млн теңгесі жымқырылды», - деді О.Лоскутова.

Соңғы жаңалықтар