Елжан Біртанов ақмолалық дәрігерлермен электронды құжат алмасуды талқылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында жергілікті дәрігерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қалалық аурханасында өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, жергілікті ауруханалардың бас дәрігерлері мен қызметкерлері қатысты.

Кездесуде денсаулық сақтау министрі Елбасы Жолдауындағы денсаулық сақтау саласын дамыту, оның ішінде «Адами капитал-жаңғыру негізі» атты жетінші тармақтағы міндеттерге тоқталды. Е.Біртановтың сөзінше, Ақмола облысындағы медициналық мекемелер ағымдағы жылдың тамызына дейін толық электрондық құжат алмасу форматына көшуі тиіс.

«Биылғы қаңтар айынан бастап, еліміздің Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында өңірдегі медициналық мекемелер тамыз айына дейін электрондық құжат алмасу форматына толық көшіп бітуі тиіс. Бұл емханалардағы ұзын сонар кезек пен медициналық қызмет сапасын арттыру мәселесін шешуге көмектеседі. Ол келер жылдан бастап еліміздің өзге өңірлерінде де қолға алынатын болады», - деді министр.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың дерегі бойынша, өңірде 48 медициналық мекеме бар, оның 46-сы - денсаулық сақтау басқармасының қарамағында. Қағазсыз құжат алмасуды жүзеге асыру үшін «Кешенді медициналық ақпарат жүйесі» бағдарламасын игеру қолға алынуда.

Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Елжан Біртанов міндетті медициналық сақтандыру, кадр тапшылығы және дәрігерлерге тиісті жалақы төлеу, білікті мамандарды баспанамен қамтамсыз ету мәселелерін де тілге тиек етті.  Әсіресе, міндетті медициналық сақтандыру саласында сақтандырылмаған азаматтардың көптігі басты мәселе болып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі ұсақ ауруханалар мен емханалар салғаннан гөрі, қазіргі замаңғы көпсалалалы аурухана ашқан тиімді екенін тағы бір ескертті.

Соңғы жаңалықтар