Елордалық ІІД бастығы тергеу құпиясын бұзуға мәжбүр болып отырғандарын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы  Марат Қожаев мәслихат депутаттарына елордалық полицейлер отыратын ғимараттардың  мүшкіл жағдайы туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Вечерняя Астана» газетіне сілтеме жасап.

Марат Қожаевтың атап өтуінше, полицейлердің жұмысының көрсеткішіне еңбек етуге жасалған жағдай да әсер етеді. Мәселен, бүгінде ІІД қызметкерлері қала бойынша 25 ғимаратта орналасқан, ал қажеттілік 64 мекемені құрайды. Жуырда тағы 5 мекеме бөлінген, бірақ бұл жалпы ахуалды еш өзгертпеген.

«Инфрақұрылымның Астанадағыдай күйі ешбір өңірде жоқ. Бізде ІІД 1906 жылы салынған ғимаратта отыр. Әрбір қимылдан төбедегі сылақ үстімізге үгітіліп түседі. «Сарыарқа» аудандық бөлімі кәріз құбырлары өтіп жатқан жертөледе орналасқан. Ғимарат бірде-бір рет жөндеуден өтпеген. Мұнда 735 қызметкерге барлығы 25 кабинет бар. Осындай жағдай «Алматы» аудандық ішкі істер басқармасында да бар. Онда 40 қызметкер акт залында орналасуға мәжбүр. Бұл ретте, үстелдердің арасын бөліп тұратын қалқалар жоқ. Полицейлер осындай жағдайда ұсталғандардан жауап алады. Мұнда тергеу құпиясы туралы айтудың қажеті де жоқ. Осыдан кейін барып, қылмыстық істердің мәліметтері әлеуметтік желіге қалай шыққанына таңғаламыз», - деді ол.

Депутаттар бұл мәселені қала билігінің алдында кезекті рет көтеруге және мәслихат сессиясының отырысына шығаруға уәде берді.

Сондай-ақ тұрақты комиссия отырысының барысында базарлар, мешіттер мен шіркеулердің жанынан жиі кездестіруге болатын тілемсектердің мәселесі көтерілді. «Бейәлеуметтік топтардың да өз құқықтары бар. Біз оларды жылына бір рет және үш сағаттан артық уақытқа ұстай алмаймыз. Кейін кешірімімізді сұрап, қайта жіберуге міндеттіміз», - деп атап өтті ІІД бастығы. Оның айтуынша, полицейлер бұл әлеуметтік түйіткілді өз беттерімен шешуге қауқарсыз.

Бұдан бөлек, мәслихат депутаттары Астана маңындағы кенттерде қызып жатқан «жабайы сауда-саттық» проблемасын да көтерді. Депутат Еркеғали Есенжоловтың  айтуынша, асфальттың үстінде көмір де, құрма мен шұжықтар да сатылып жатыр.

«Промышленный тұрғын алабында түрлі сипаттағы құқықбұзушылықтарға қатысты 50-ден астам арыз түсті. Алайда, олардың тіркелген, не тіркелмегенін білмеймін. Бұл ретте, олардың бірде-бірі қанағаттандырылған жоқ. Кенттің тұрғындарымен айына екі рет кездесемін. Мен олардың бетіне қарауға ұяламын, себебі ылғи бір мәселелерге шағымданады. Адамдар «жабайы сауда» мен түнгі сағат екіге дейін музыка тыңдайтын заңсыз таксишілер туралы айтады», - деді ол.

Депутат Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаевтан өз құзыреті шеңберінде аталмыш жағдайды шешуді сұрады.

Халық қалаулысының сөзінше, мұндай жағдай Күйгенжар, Учхоз және Теміржол кенттерінде де байқалуда.

 

Соңғы жаңалықтар