Елордаға басқа қаладан келген зейнеткер қоғамдық көлікте тегін жүре ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Елордаға өңірлерден қонаққа келген зейнеткерлер қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүре алмайды. Өйткені қалалық бюджеттен автобус парктеріне бөлінетін қаражат тек елордада тұрақты тіркелген зейнеткерлерге ғана есептелінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Автобустардың бірінде жолаушы мен қоғамдық көлік жүргізушісінің арасында дау туды. Астанаға Қостанайдан қыдырып келген егде жастағы апа зейнеткер екендігін айтып, жолақысын төлеуден бас тартса, жүргізуші оның басқа қаладан келгендігін  жеткізіп, жолақы төлеуін талап етіп жатты. Автобус салонында адамдар да заңның барлығына бірдей екендігін, сондықтан қостанайлық зейнеткердің де тегін жүруі тиістігін айтқандары болды. Осыған орай Астана қалалық мәслихатының депутаты Рамзия Өмірбаевадан басқа қаладан келген зейнеткерлердің елорданың қоғамдық көліктерде жолақысын төлеуге міндетті ме деп сұраған едік.

«Кез келген бюджет ең алдымен қалаға ғана шақталып есептелінетіндігін түсінгеніміз жөн. Қаржыландыру қалада тұрақты тіркеуде, Әлеуметтік қорғау басқармасында есепте тұрған адамдарға ғана бөлінеді. Зейнеткерлердің қоғамдық көліктерде тегін жүру мүкіндігінен бөлек те көрсетілетін көмек түрлері бар», - деді ол.

Осы ретте Р.Өмірбаева басқа қаладан келген зейнеткерлер жағдайларын айтып мәслихатқа жүгінетін болса мүмкіншілікке қарай көмек көрсетуге тырысатындықтарын баса айтты.

«Бүкіл Қазақстан жайында айтар болсақ, негізінен бұл мәселе республикалық бюджетке қатысты. Сондықтан бір қаладан екінші қалаға келген зейнеткерлердің қоғамдық көліктерде тегін жүруі мәселесі жергілікті мәслихат деңгейінде емес, ҚР Парламенті Мәжілісі деңгейінде шешілгені жөн болар еді», - деді  мәслихат депутаты.

Соңғы жаңалықтар