Елордадағы Аграрлық университетте Қазақ-қытай білім және ғылым орталығы ашылды

None
None
АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақ-қытай білім және ғылым орталығының салтанатты ашылуы болды.

Екі ел арасындағы достықтың нығая түсуіне себеп болатын Орталықты ресми түрде Шынжаң аграрлық университетінің ректоры Ло Чиуджан мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың ректоры Айтбай Бұлашев ашты.

Л.Чиуджанның айтуынша, Шынжаң және Қазақ агротехникалық университеттерінің арасындағы ынтымақтастық байланыс үш жыл бұрын басталған. «Қазақ-қытай білім және ғылым орталығының ашылуымен біздің университеттер арасындағы ықпалдастық пен достық қарым-қатынастар одан әрі беки түсетініне сенімім мол. Екі мемлекетті ежелден байланыстырып келе жатқан мәдени, тарихи, жағрапиялық және ғылыми-технологиялық байланыстар осы Орталықта жаңғыртылып, жаңа деңгейге көтерілмек», - деді ол.

Л.Чиуджан атап көрсеткендей, Шынжаң аграрлық университетінің көптеген шет ел тілдерін үйрететін халықаралық институтында қазақ тілінен дәрістер беріледі. Өткен оқу жылында ҚазАТУ-дың 19 студентіне арнайы білім гранттары тағайындалды. Ал екі білім ордасының арасында мұғалімдермен және студенттермен алмасу үрдісі ынтымақсатық байланыстардың негізі қаланған күннен бастап жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, ветеринария және экономика мамандықтары бойынша екі дипломдық білім беруді енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бүгінгі күні Қазақ-қытай білім және ғылым орталығында 3 деңгейлі саты бойынша қытай тілін барлығы 31 студент меңгеріп жатыр, 22 студент өз білімдерін шыңдап үлгерді.

Сонымен бірге, қытайлық меймандар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне биотехнология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғыны сыйға тартып, келешекте бірегей жұмыстарға гранттар бөлу қарастырылып жатқандығын жеткізді. Өз кезегінде ШАУ ректоры Л.Чиуджанға ҚазАТУдың «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Соңғы жаңалықтар