Елордада Жеңіс күні ардагерлерге берілетін көмек көлемі белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектері 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 511 135 теңге көлемінде әлеуметтік көмекке ие болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.

Қалалық мәслихат депутаттары ол үшін жергілікті бюджеттен қосымша 33 млн 250 мың теңге бөлу туралы ұсынысты қабылдады.

«Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясының қарауына Астана қаласындағы ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне Жеңіс күнін орай қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы мәселені ұсынады», - деді Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов.

Оның айтуынша, елордадағы ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерін бекіту туралы қалалық мәслихат шешімімен 2017 жылы бекітілген.

«9 мамыр - Жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек 67 АЕК мөлшерінде көрсетіледі. Бұл - 161 135 теңге. Сіздердің ұсыныстарыңызбен біз барлық есепті айлық есептік көрсеткішке келтірдік. Ағымдағы жылы Жеңіс күніне орай жергілікті бюдеттен қосымша 33 млн 250 мың теңге бөлу жоспарланып отыр, ол 95 ҰОС ардагері мен мүгедектеріне 350 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсету көзделіп отыр. Осылайша, ұсынылған жобаны қолдайтын болсаңыздар, Астана қаласындағы ҰОС ардагерлері мен мүгедектері  биыл 9 мамыр мерекесіне 511 135 теңге әлеуметтік көмек алатын болады», - деді ол.

Бұған қоса басқарма басшысы қаладағы ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне аталған әлеуметтік көмек 1 мамырға дейін аударылатынын айтты. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. 
Айта кетейік, өткен жылы елордада 163 соғыс ардагері мен мүгедегі болған. Бүгінде Астанада ҰОС 95  ардагері мен мүгедегі бар.

Соңғы жаңалықтар