Елордада мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы төмендеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада балабақшалар саны артты, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.  

Астанада түрлі типтегі 262 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, онда 48 154 бала тәрбиеленеді. Соның ішінде, мемлекеттік балабақшалар саны - 95, оларда 27 193 бала білім алуда. Сонымен бірге, ведомствоға қарасты және жеке меншік балабақшалар, шағын орталықтар, мектепке дайындық сыныптары бар.

Елордалық Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні Астанада 7 жасқа дейінгі 169 070 бала тіркелген. 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші - 47,5%, 3 - 6 жас аралығындағы балаларды қамту 70,6% құрайды, мектеп алдындағы дайындықпен қамту деңгейі - 99,6%.

Сондай-ақ, қалада мамандандырылған балабақшалар, 3 санаторийлік туберкулезге қарсы балабақша бар. Арнайы мақсаттағы «Алтын бесік» және «Асыл бөбек» балабақшаларында 290 бала білім алуда.

Сонымен бірге, елорда балабақшаларында коррекция кабинеттері, инклюзивті білім беру және арнайы коррекциялық мақсаттағы топтар бар. Атап айтқанда, қаланың 13 балабақшасында (№ 2, 11, 22, 30, 32, 33, 37, 38, 50, 54, 63, 65, 66) психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуі бар коррекция және инклюзивті білім кабинеттері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта коррекция кабинеттеріне 210 бала барып жүр. Сондай-ақ, жыл сайын арнайы коррекциялық мақсаттағы топтардың санын көбейту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мектепке дейінгі білім беру нысандарының құрылысына да ерекше назар аударылып отыр.

Білім басқармасы мамандарының пікірінше, бүгінгі күні елорданың мектепке дейінгі мекемелеріндегі орындардың тапшылығы жаңа балабақшаларды пайдалануға берудің арқасында төмендеп келеді. Мысалы, 2016 жылы 440 орындық 3 балабақша іске қосылып, 5 балабақшада 356,5 млн теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен бірге, елордада 116 жеке меншік балабақша бар, оның 74-і типтік ғимараттарда 42-сі бейімделген ғимараттарда орналасқан.

Соңғы жаңалықтар