Елордада бес жасар қыз соққыға жығылды: Іске ІІМ араласты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаты Зағипа Балиева соққыға жығылған бес жасар қыздың тағдырын өз бақылауына алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдік кеңсесінен «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне хабарлағандай, Зағипа Балиева аталған іске ҚР Ішкі істер министрлігін тартқан. Аталған оқиға бойынша ресми ақпарат алдағы дүйсенбіде берілетін болады.

Бұдан бірнеше сағат бұрын Қуат Ахметжанов Қазақстандағы Бала құқықтары жөнінде уәкілдің Фейсбуктегі парақшасында WhattsApp мессенджерінен келген кішкентай қыз туралы хабарлама мен оның фотосуретін жариялады. Ол денедегі соққы іздерімен қалалық №2 балалар ауруханасына түскен.

Желідегі жазбаның авторы әйел болған. «Мен өзім қызыммен №2 ауруханада жатырмын. Алдыңғы күні біздің бөлімшеге көптеген жарақатпен 5 жасар қыз келіп түсті. Келесі күні оның басына бірден ота жасалды. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер оның жанын аман алып қалды. Қыз балаға көмектесу туралы жазбамды жариялауды сұраймын», - деп жазған ол.

Әйелдің болжауы бойынша, қыз баланы бірге тұратын туысқан ағасы сабап тастаған.

«Маған айтқандай, қыз бала туысқан ағасымен бірге тұрады. Ол оны сабап тастаған. Қыздың шешесі түрмеде, әкесі қайтыс болған (...) Оны бүгін нейрохирургия бөліміне ауыстырды. Дәрігерлер жарады. Үнемі бақылауда ұстайды. Бас дәрігердің өзі келіп кетті. Бірақ, ары қарай оның тағдыры не болады? Өтінемін, жазыңыздаршы, әлеуметтік қорғау органдары ол бүлдіршінді бақылауына алса екен. Мен оның есімін де білмеймін. Кешке қарай жағдайын біліп шықтым», - делінген хабарламада.

Аталған жағдайды Астана қаласының денсаулық сақтау департаментінде растады.

«2018 жылдың 1 наурызы күні қалалық №2 балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне 24.12.2012 жылы туған қыз бала жеткізілді. Оны тұтас ми симптоматикасы мен денедегі жарақат іздері барын айтып шағым білдірген туысқан ағасы алып келді. Мамандардың тексеруі кезінде баланың бас миында өткір субдуралдық қанды ісіктің бары анықталды. Бұдан кейін бала нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылып, оған ота жасалды. Қазіргі уақытта баланың денсаулығы орташа ауыр, дәрігерлердің ерекше бақылауына алынды», - делінген таратылған хабарламада.

Айта кетсек, аталған жәйт әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қолданушылар қыз баланың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тіпті кейбірі оны асырап алуға дайын екендіктерін жазуда.

Соңғы жаңалықтар