Елордада Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының күндері өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» акциясы аясында өңірлердің күндері өткізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

1-2 қазанда Астанаға Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының өкілдері ат басын тірейді. Астаналықтар өңірлердің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, ауыл шаруашылық өнімдерін де сатып ала алады, көрмелер мен спектакльдер тамашалайды.

Алдағы сенбі, жексенбі күндері «Хан шатыр» СОО жанындағы алаңда Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді.

Ауыл шаруашылық тауар өндірушілер 400 тоннадан астам өнім өткізбек, соның ішінде 100 тонна ет, 25 тонна балық, 100 тонна көкөніс, 24 тонна сүт өнімдері, 17 тонна өсімдік майы және т.б. бар.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының өкілдері өз тауарларын ұсынады. Астаналықтар өңірлердің мәдени мұрасымен де таныса алады.

Елордада кешеден бері ақтөбелік ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, қайырымдылық акциялары, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелері өткізіліп жатыр.

1-2 қазанда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ЕҰУ, Назарбаев университетінде білім алып жүрген ақтөбелік студенттермен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездеседі.

‪1 қазанда Астана тұрғындары мен қонақтары «Жастар» театрында «Есігіңді қаққан кім?», «Беу, қыздар-ай» спектакльдерін тамашалайды.

Сонымен қатар, волейбол мен футболдан «Астана» мен «Ақтөбе» командаларының арасында кездесулер ұйымдастырылады.

‪1 қазанда сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітапхананың «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көрмелері ашылады.

 

Соңғы жаңалықтар